ЖШС «Жазык Групп» компаниясының «Эко-Pak» жарма өнімдері белгіленген талаптарға сәйкес сертификатталды.
Сонымен қатар, ЖШС «Otau market» кәсіпорнының «Дәмдес» жартылай дайын өнімдері сертификаты қайта жаңартылды.
Аталған кәсіпорындар өнім сапасын тұрақты бақылауда ұстап, талаптарға сәйкестігін растады.

«TIGRAN FOOD» ХАЛАЛ СЕРТИФИКАТЫН АЛДЫ
«Tigran food» кәсіпорны халал стандарты талаптарына сәйкестігін растап, ресми түрде халал сертификатына ие болды.
Тексеру барысында өндіріс үдерісі мен шикізат құрамы сараланып, талаптарға сай екені анықталды. Кәсіпорын алдағы уақытта да стандарт талаптарын тұрақты сақтайтын болады.
АТЫРАУДА ЖАҢА КӘСІПОРЫНДАР ХАЛАЛ СЕРТИФИКАТЫН АЛДЫ
Атырау облысында халал индустриясын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы орайда «Еткебай» ет дүкені мен «Kaz Food Service» мекемелері ҚМДБ-ның «Халал даму» стандартына толық сәйкес келетінін растайтын жаңа сертификаттарға ие болды.
Сертификаттарды салтанатты түрде Атырау облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы табыстап, кәсіп иелерін маңызды жетістікпен құттықтады. Бас имам өз сөзінде халал талаптарының сақталуы – тұтынушы сенімінің кепілі әрі қоғамдағы адалдық пен жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар, әсіресе қасиетті Рамазан айында халыққа ұсынылатын азық-түлік пен қызметтердің халал талаптарға сай болуы аса маңызды екенін жеткізді.
Шара барысында халал сертификатының маңызы, өнім өндіру мен қызмет көрсету барысында қойылатын талаптар, сондай-ақ тұтынушыларға дұрыс ақпарат беру мәселелері де сөз болды. Кәсіпорын өкілдері алдағы уақытта да халал стандарттарын қатаң сақтап, сапалы әрі адал өнім ұсынуға ниетті екендерін білдірді.

ҚОСТАНАЙДА ХАЛАЛ КУӘЛІКТЕР ТАБЫСТАЛДЫ
Қостанай облыстық мешіті ғимаратында бірқатар кәсіпорындарға халал куәліктер салтанатты түрде табыс етілді.
Атап айтқанда, «Қарасу-Ет» шұжық өнімдері және «Steak 2016» қасапханасы халал талаптарына сәйкестігін растап, ресми куәлікке ие болды. Сонымен қатар, Әмірхан және Шавкат есімді қасапшыларға халал қасапшы куәлігі табысталды.
Куәліктерді Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы табыс етіп, кәсіп иелеріне адал өнім ұсыну жолындағы жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА КӘСІПОРЫНДАРҒА «ХАЛАЛ ДАМУ» КУӘЛІКТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ
Алматы қаласында бірқатар өндірістік нысандарға «Халал Даму» стандартына сәйкестігін растайтын куәліктер ресми түрде табысталды. Атап айтқанда, «Food Technology» және «Keremet food» кәсіпорындары халал талаптарына толық сай екендігін дәлелдеп, арнайы куәлік иеленді.
Сараптамалық тексеріс барысында шикізаттың құрамы, өндірістік үдерістер, сақтау шарттары мен тасымалдау тәртібі жан-жақты қаралды. Сонымен қатар, технологиялық бақылау, санитарлық талаптардың сақталуы және құжаттамалардың дұрыстығы назарға алынды.
Кәсіпорын өкілдеріне халал стандарттарының маңызы, жауапкершілік деңгейі және алдағы уақытта талаптарды тұрақты түрде сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Берілген куәлік – өнім сапасына деген сенімді арттырып қана қоймай, тұтынушылар алдындағы жауапкершілікті күшейтеді. Алдағы кезеңде де өндіріс барысы тұрақты мониторингтен өтетін болады.
АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ХАН ҚЫМЫЗ» ӨНІМДЕРІНЕ КУӘЛІК ТАБЫСТАЛДЫ
Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе қалалық Орталық мешітте «Хан қымыз» қымыз өнімдеріне «Халал Даму» куәлігі табысталды.
Салтанатты рәсімде куәлікті Ақтөбе қаласының бас имамы Алмат Әли кәсіпорын өкілдеріне арнайы табыс етті.
Берілген куәлік өндіріс үдерісінің, қолданылатын шикізаттың және дайын өнімнің халал талаптарына толық сәйкестігін айғақтайды. Тексеру барысында технологиялық процестер, санитарлық-гигиеналық талаптар және сақтау шарттары мұқият сарапталды.
Бұл куәлік – кәсіпорынның жауапкершілігін арттырып, тұтынушылар сенімін күшейтуге бағытталған маңызды құжат. Алдағы уақытта да талаптардың сақталуы жүйелі түрде бақылауда болады.