Бас мүфти қайырымдылық мекемесінің ашылуына қатысты (фото)
|
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы , Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Маңғыстау облысына жасаған сапары барысында Ақтау қаласындағы орталық мешіт жанынан салынған Қайырымдылық мекемесінің ашылу салтанатына қатысты.
Жаңа нысан - Бас мүфтидің қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды басты назарға ұстау тапсырмасына сәйкес, оның бастамасымен жүзеге асып отырған ҚМДБ ға қарасты алғашқы қайырымдылық мекемесі болып саналады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан үлкен қолдау алып, алғаш рет ашылғалы отырған бұл нысанның мақсат - міндеті қайырымдылық бағытта жас ұрпақтың тәрбиесіне үлес қосу болмақ. Қайырымдылық мекемесінде шәкірттер діни білім алып, еліміздегі медреселер мен Нұр Мүбәрак университетіне алдын ала даярлау сатысынан өтеді. Сондай - ақ олар үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, мешіт ұстаздарының тәлім беруімен дайындық курсын осы ғимаратта тәмамдайды.
Қайырымдылық мекемесі атына сай, қайырымдылық шараларын ұйымдастырумен айналысады.
Құрылысы 2014 жылдың қыркүйегінде басталған ғимарат екі қабатты, 50 орынды. Бірінші қабатында 30 шәкірттік сынып, ұстаздарға арналған 1 бөлмелі 3 қызметтік пәтер, екінші қабатында 2 қонақ үй бөлмесі , 2 сынып, шәкірттердің жатын орындары, тәрбиешілер бөлмесі қарастырылған.
Қайырымдылық үйінің ашылу салтанатына бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мен қала әкімі Серікбай Тұрымов қатысып, өздерінің құттықтау тілектерін жеткізді. "Бүгін біз тариxи сәттің куәгері болып отырмыз. Мен бұл күнді көптен бері күткенімді жасырмаймын. Еліміз бойынша тұңғыш рет Ақтау қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Қайырымдылық үйі ашылуда. Ең бірінші Қайырымдылық үйінің бұл өңірде ашылуының өзіндік мәні мен мағынасы бар деп есептеймін. Өйткені Маңғыстау өңірі кешегі ел үшін ерлік көрсеткен батыр бабаларымыздың ізі қалған қасиетті жер" ,-деді бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Қала әкімі Серікбай Тұрымов өз сөзінде Маңғыстаудағы діни аxуалдың тұрақтылығына облыс мешіттерінің қосып отырған үлесі зор екендігін, Исламдағы ұлы мейрамдарға, өзге де мешіт шараларына қала әкімдігі қолдау білдіріп келе жатқандығын айтты. Лента қию рәсімінен соң қонақтар ғимарат ішін аралап көріп, мешіт ақсақалы Лепес қажы Исаев өзінің ақ батасын арнады.