«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНЕ КЕЛГЕН ШЕТЕЛДІК ТУРИСТ ИСЛАМ ДІНІН ҚАБЫЛДАДЫ (ФОТО)
|
Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бүгінде атақ-даңқы алысқа жайылып, әлемнің көптеген еліне танымал бола бастағанын айтып жатудың өзі артықтау. Елордамызға ат басын тіреген шетелдік қонақтардың бұл мешітке бас сұқпай кететіні де кемде-кем. Астанаға ағайыншылап келген ел тұрғындарының саяхаты да осы құлшылық ордасынан басталып жатады.
Сәулеті мен сәні жарасып, алыстан менмұндалаған алып құлшылық ордасы еліміздегі Ислам дінінің биік тұғырына айналғанының тағы бір мысалы бүгін орын алды. «Әзірет Сұлтан» мешіті жайлы мың рет естігенше, бір рет көріп қайтуды мұрат еткен Испания азаматы Филипп Верле (Philip Werle) арнайы келіп құлшылық ордасына зиярат етіп қайтты. Ислам діні жайлы қызығушылық білдіріп, таным-түйсігі ақиқат жолға жетелеген Филипп Верле «Әзірет Сұлтан» мешітінен алған әсері себепті шешім қабылдап, құлшылық ордасында ислам дініне бойұсынып, мешіттен мұсылман болып шықты. 47 жастағы кәсіпкер азамат Астанаға іссапармен келіп, қазақ халқының асыл қасиеттеріне тәнті болып, салт-дәстүрімен танысып, Ислам дінін зерттеп жүрген екен.
Шетелдік мейманның екі дүниеде бақытқа жеткізетін шешімге келіп, Ислам дінін қабылдауына «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары Наурызбай қажы Тағанұлының уағыз-насихаты да ерекше серпін берді. Арнайы қабылдау өткізіп, асыл дініміз жайлы толыққанды мағлұмат бере өткен Наурызбай қажы Тағанұлы қадірлі мейманды мұсылман болуымен алғашқы болып құттықтап, иман жолындағы ілімін арттыра түсуі үшін тағылымды кітаптар сыйға тартты. Мешіт имамдарынының мейірбандығына тәнті болған Филипп Верле ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.