«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНЕ БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)
«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІНЕ БАС ИМАМ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ (ФОТО)
7 жыл бұрын 4044 muslim.kz

Бүгін, қасиетті жұма күні республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Жұма намазына жиналған жамағат алдында жақында ғана ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти болып сайланған Серікбай қажы Сатыбалдыұлы сөз сөйлеп, Ержан қажы Малғажыұлын шығарып салу рәсімін өткізді.

Бес жыл бойы өзіне жүктелген жауапты да сауапты міндетті мүлтіксіз атқарған бұрынғы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының еңбектеріне ерекше тоқталып өткен Серікбай қажы Ораз ақ жол тілеп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Айта кетейік, ҚМДБ-ның төрағасы қызметін атқарған Ержан қажы Малғажыұлы қазіргі таңда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры лауазымына тағайындалып отыр.

Осы бес жыл ішінде ҚМДБ-ның төрағасы ретінде атқарған елеулі  еңбектерін ел алдында санамалай келіп, жаңа жұмысына сәттілік тілеген Серікбай қажы Сатыбалдыұлы жұма намазына жиналған мыңдаған жамағатқа, сондай-ақ, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің жаңа Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлын таныстырып өтті.

2013 жылдан бастап Астана қаласындағы «Нұр Астана» Орталық мешітінің Бас имамы, ҚМДБ-ның наиб мүфтиі қызметтерін жемісті атқарған Наурызбай Тағанұлының жаңа қызметіне толағай табыстар тілеп, ізгі тілегін білдірді.

Наурызбай қажы Тағанұлы 1993-1997 жылдары Ташкенттегі «Имам әл-Бұхари» атындағы Ислам институтын,  1999-2001 жылдары ҚМДБ жанындағы Ислам институтын, 2009 жылы Мысыр Араб Республикасындағы білім жетілдіру курсында біліктілігін арттырған.

2010 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетнің «Тарих» факультетін бітірген. 2011-2013 жылдары Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетнің «Дінтану» мамандығы бойынша магистратурасын үздік тәмәмдаған.

Дін саласындағы алғашқы қызметін ОҚО, Түлкібас ауданы, «Көкірек ата» мешітінде имамдық қызмет Наурызбай қажы 2001-2005 жылдары ШҚО, Аягөз ауданының Бас имамы, 2005-2006 жылдары Алматы қаласындағы «Мекке» мешітінің наиб имамы, 2006-2011 жылдары ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы, 2011 жылдың cәуір-қыркүйек айларында Алматы қаласындағы «Мекке» мешітінің Бас имамы, 2011-2013 жылдары ҚР Дін істері агенттігінің Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының Бас сарапшысы қызметтерін абыроймен атқарған.

Наурызбай Өтпеновтың тікелей жетекшілігімен 2002-2005 жылдары ШҚО, Аягөз қаласында орталық және «Жаңауыл» мешіттерінің құрылысы сәтті жүргізіліп, іске қосылған. 2010-2011 жылдары Қарағанды қаласындағы орталық мешіттің салынуына мұрындық болған. Қарағанды облысында «Сұлу әлем», «Нұрлы мінбер», «Жұлдызды гол» атты жобаларды іске асырған. Республикалық БАҚ беттерінде жарияланған көптеген діни, рухани-танымдық мақалалар мен «Үміт сәулесі» атты кітаптың авторы.

Марапаттары:

  • 2005 жыл, Аягөз ауданының құрметті азаматы;
  • 2009 жыл, Қарағанды облысы әкімінің құрмет грамотасы;
  • 2011 жыл, Қазақтан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы медалімен марапатталған;
  • 2014 жыл, Астана қаласы әкімінің алғыс хаты;
  • 2016 жыл, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 25 жыл мерей-тойлық медалі;
  • 2016 жыл, «Құрмет» ордені наградасы;
  • 2017 жыл, Астана қаласы әкімінің құрмет грамотасы.
0 пікір
Мұрағат