«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІ ҮЙІНЕН АЙЫРЫЛҒАН АЯГӨЗДІК ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ (ФОТО
|
Аягөз қаласында тұратын Дүйсеновтер отбасы үшін бүгін ақ түйенің қарны жарылған ақжолтай күн болды. Көктемгі су тасқыны кезінде үйлерін су шайып кеткен бұл отбасы ойламаған жерден далада қалып, барар жер, басар тау таппай дағдарған еді. Тірі адам тіршілігін жасайды емес пе, дегенмен елмен бірге еңсе көтеріп, тағдырдың тосын тауқыметіне төзімділік таныта білген Ардақ Дүйсенов бүгін жаңа баспанаға ие болды.
Тілсіз жау Аягөз халқын аяқастынан әбігерге салып, етігімен су кешкен күн туғанда күллі қазақ даласы көмекке ұмытылып, қолдан келген жәрдемін жеткізуге асыққан еді. Жер-жерде гуманитарлық жәрдем керуендері ұйымдастырылып, алыстағы ағайынның ақ пейілі Аягөзге қарай ағылды. Осы орайда ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Аягөз халқына арнайы акция ұйымдастырылып, жамағат жәрдемі жиналған болатын. «Көп түкірсе көл» демекші, астаналық ағайынның ақ пейілі Ардақ Дүйсеновтің уайымға толы күндерді артқа тастап, шат көңілмен өз шаңырағында еркін тыныстауға септігін тигізді.+
Бұл қуанышты хабарды Дүйсеновтер отбасы үшін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы өзі жеткізіп, қоныс тойымен құттықтап қайтты. Бас мешіт жамағатының ыстық ықыласын жеткізіп, ізгі тілегін білдірді. Қуанышты оқиғаға орай жайылған ақ дастархан басында өрелі әңгіме өрбіп, жаңа баспананың берекелі һәм құтты болуын тілеген бата-тілектер айтылды.
«Таудағы арқардың табанына тас батса, ойдағы арқардың мүйізі сырқырайды» демекші, сіздердің бастарыңызға түскен бұл қиындық - бүкіл Алаш жұртының арқасына батқан ауырлық. Жәрдемін жақыны түгіл, жаттан аямаған халқымыздың аялы алақаны сіздерді ешуақытта қорғансыз қалдырмайды. Су тасқыны болысымен жер-жерден жәрдем жөнелтіп, асар ұйымдастырылып жатқаны да жұртымыздың жанашырлығын көрсетсе керек. Бүгінгі жаңа баспаналарыңыз құтты шаңыраққа айналғай! Іші жанға, сырты малға толып, үлгілі үйге айналсын!» - деп ақ батасын арнады Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қоныс тойы қуанышын бірге бөлісуге келген Аягөз ауданының әкімі Бақытжан Баяхметов те өз тілегін білдірді. Бүгінгі қуанышқа себеп болған «Әзірет Сұлтан» мешітіне өз ризашылығын жеткізіп, Наурызбай қажы Тағанұлына «Алғыс хат» табыстады. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен халыққа жамағат жылуын ұйымдастырып, арнайы көмек керуендерін белсене жөнелткен ҚМДБ өкілдіктерінің, құлшылық ордаларының еңбегін айта келіп, Бас мүфти Серікбай қажы Оразға арнаған «Алғыс хатын» табыстады.