АЛМАТЫДА АЛҒАШ РЕТ ХАЛАЛ ЖӘРМЕҢКЕ ӨТІП ЖАТЫР (ФОТО)
|
Алматыда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған «Халал Даму» ЖШС-ның сертификатын алған халал өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Шараның ашылу салтанатына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, алғы сөз сөйледі.
«Діни басқарма қоғамның сұранысын қанағаттандыру үшін халал өнімдерінің стандартын жүйелеп, дамыту бағытында жұмыс жасап келеді. Бүгінде елімізде адал ас тұтынғысы келетіндер өте көп. Бұл біздің мұсылмандығымыздың белгісі. Адал ас арқылы біздің сеніміміз бен бір-бірімізге құрметіміз, болашаққа деген үмітіміз, мейріміділігіміз арта түседі деген сенімдемін», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Жәрмеңкеге Қазақстанның 30-дан астам халал тағам өндірушілері келіп қатысуда. Жәрмеңке сөрелеріне ет пен сүт тағамдарының, кондитерлік өнімдер мен басқа да халал тағамның кез келген түрлері қойылды. Сонымен бірге биологиялық белсенді қоспаларды өндіретін компаниялар да аталмыш жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынды.
Сондай-ақ, жәрмеңке аясында халал кәсіпорын басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел барысында еліміздегі халал индустриясының бүгінгі жай-күйі мен стандарттау мәселелері төңірегінде баяндамалар жасалып, пікір алмасты.
Айта кетейік, халал өнімдерінің жәрмеңкесі екі күнге созылады. Діни басқарма осы күнге дейін 70-ке жуық кәсіпорынға халал сертификатын берген болатын.