28 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
28 МАУСЫМ – ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІНІҢ БІРІНШІ КҮНІ!
2 жыл бұрын 1348 muftyat.kz ҚМДБ Баспасөз қызметі

Бүгін һижри жыл санауы бойынша 1444 жылдың зұлхижжа айы басталды. Яғни Арапа күні биыл 27 маусымға сәйкес келеді. 28 маусым – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні.

Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ықыласпен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген.

Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген жерлестеріміздің қажылығы қабыл болғай. Әмин!

ҚМДБ: QURBAN2023.KZ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ (ВИДЕО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайтын іске қосты.

Мұсылман қауымының қасиетті айт мерекесіне орай барша қазақ елін «Құрбан-2023» қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырамыз. Халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін биыл құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асады.

Айта кетсек, онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Бұдан кейін төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен уацап нөмірге жіберіледі.

0 пікір
Мұрағат