«100 ҮЗДІК ИМАМ» МЕН «ҮЛГІЛІ МЕШІТ» АНЫҚТАЛАДЫ
«100 ҮЗДІК ИМАМ» МЕН «ҮЛГІЛІ МЕШІТ» АНЫҚТАЛАДЫ
7 жыл бұрын 3503 muftyat.kz

Қазақстанда ең білікті имамдарды анықтау мақсатында биыл "100 үздік имам" байқауы ұйымдастырылады. Байқау арқылы таңдалған үздік имамдарға сыйақы беріледі.

«Біз ҚМДБ-мен бірлесе отырып, ел аумағында ең білікті дін мамандарын арнайы конкурс арқылы таңдауды көздеп отырмыз. Қазір "100 үздік имам" байқауын ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сыйақы мөлшері анықталуда. "Уақып" қорының қамқорлық кеңесінің отырысында ол сома нақтыланып, бекітіледі»,- деді ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дін істері комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ал ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб-мүфтиі Бауыржан Есмахан жаңа жобаға қатысты діни басқарманың да ұсыныстары бар екенін айтты. «100 үздік имам» тың әрі жақсы жоба. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дін істері комитеті ұсынып отыр. 2-ші республикалық имамдар форумында "ХХІ ғасырдағы зияткер имам" деген тұжырымдама қабылданған болатын. Соның негізінде 100 имамды таңдап алу, оларға көмек жіберу жоспарланып отыр. Жаңа жоба болғаннан кейін біздің де  ұсыныстарымыз болады. Соның ішінде, жақсы көзге түскендерге сый ретінде қажылыққа алып баратын компаниялар арқылы үлкен немесе кіші қажылыққа жолдама беруге болады. Ондай мүмкіндік бар» деді бас мүфтидің орынбасары.

Сонымен қатар, оның айтуынша, діни басқарма биыл еліміздегі ең үлгілі мешітті анықтайды. 

«Діни басқарма "Үлгілі мешіт" байқауын бұрын өткізген болатын. Биыл соны жалғастырғалы отырмыз. Үлгілі мешітті анықтау кезінде оның тек сыртқы көрінісі ғана емес, сондағы имамдардың жамағатпен жұмыс істеуі, мешіттің ішкі-сыртқы тазалығы ескеріледі» деді наиб мүфти.
0 пікір
Мұрағат