Қазақтың қыз-жігіттері 30-ға келсе де неге отау құрмай жүр?
|
«Ерте үйленген қартайғанда қуанады» деген қазақта жақсы сөз бар. Алайда аталы сөз соңғы уақытта қазақ жастары арасында мағынасын жоғалтқандай. Себебі, күн санап елімізде отау құрмай оң жақта отырған қыз бен, отызды алқымдаған жігіттердің қарасы көбейіп келеді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.
Статистика агенттігінің 2009 жылы жүргізген санағы барысында Қазақстанда жасы 30-дан асса да, отбасын құрмаған 798 000 азамат анықталыпты. Содан бері бұл сан өспесе кеміген емес.
Бұл соңғы уақытта Қазақстанды ғана емес, әлемді жайлаған басты проблеманың бірі болып барады. Тіпті ғалымдар адамдарды зерттеу барысында отбасы құрмай жалғыз өмір сүру, темекі тартып, арақ ішу секілді зиянды әдетке апарады, сондай-ақ жалғызбастылар ұзақ жасамайды деген қорытындыға келген болатын.
Десе де зертеушінің сөзі де, тіпті өмір ағысы да еліміздегі сүрбойдақтардың ерте үйленуіне түрткі болмай отыр. NUR.KZ порталы жастары 30-дың ар жақ, бер жағындағы оншақты отбасы құрмаған азаматпен тілдесіп, сүрбойдақ болудың себебін біліп көрді.
«Жігіттер жасы үлкен қыздарды емес, кеше оқу бітірген бойжеткендерді таңдайды»
Гүлнара Әбдіхалық (35 жаста) - мейрамхана әкімшісі.
«25 жасқа жеткенше өзім тұрмыс құрғым келмеді. Мансап құрып, тапқан табысымды ата-анама беріп көмектестім. Ал 25 пен 30-дың арасындағы уақыттың қалай өтіп кеткенін білмеймін. 25 жастан асқан соң жігіттерге деген сенім азаяды. Сөз салған жігіттер алдап кете ме деген қорқыныш басым, кейбірі мен үшін жалқау, тіпті арасында менің жеке басыма емес қызметіме, табысыма қызығатын сияқты көрінді. Соларды саралап жүріп 35-ке келіп қалдым. Ешқашан жігіттің түріне қараған емеспін, «сүйген сұлу» деген түсінік менде. Ал қазір тұрмысқа шыққым келсе де мүмкіндік өте аз. Себебі, менің қатарымдағы басы бос жігіт жоқ. Бар, бірақ олар ажырасқандар. Ал мен жарымның өзім секілді бұрын отау құрмағанын қалаймын. Ал сүрбойдақ жігіттер жасы үлкен қызды емес, жоғары оқу орнын кеше бітірген, жас қыздарды ғана таңдайды», - дейді ол.
Бибінұр Жұманова - аудармашы (34 жаста)
«Студент кезде, оқу бітірген соң пәтерден пәтерге көшіп, әбден шаршадым. Осы қиыншылықты өзім ғана көрсем деп тынбай жұмыс істеп, осы жасқа келдім. Шыны керек не алған баспана жоқ, не тиген күйеу жоқ. Қазір жалғыз басым ғана. Өте қиын. Жоғары білімім, жақсы қызметім болса да жігіттер үшін мен кәрі қызбын. Сөз салған еркек тоқал немесе көңілдес болуға шақырады. Әрбір қыздың арманы - бала сүйіп, сүйікті жарын күнде үйінің төрінен көру. Мойындаймын, қазір күйеуге тию туралы үмітім азайды. Сол үшін де қартайып кетпей тұрғанда өзім үшін бала туып алсам деген ойым бар. Жас кезіңде неге үйленбедің дегендерге айтарым – егер сондай мүмкіндік болса, осылай жалғыз жүрмес едім ғой», - дейді аудармашы Бибінұр Жұманова.
«Қыздар - жеке үй, жақсы көлігің және жалақысы жоғары жұмысыңа да қарайды»
«Жасың 25-тен асқан соң қыздарға деген көзқарас, қоятын талап та көбейіп кетеді екен. Бұл жаста ер азаматтар өз киімін өзі жуып, тамақты да жасай алады. Сондықтан ер жігіт әйелден ерекше қасиет іздейді. Оның ішінде имандылық, үйдің берекесін кіргізетін пысықтығы, ер азаматпен ойы бір жерден шығады ма деген секілді мәселелер бірінші орында. Осы күнге дейін отау құрмағанымның екі себебі бар. Біріншісі – өз идеалымдағы аруды жолықтырмадым және материалдық жағдайды реттеу болды. Бірақ, шыны керек статистика бойынша 1 жігітке 5-10 қыз келеді деп жатқанымен, оның барлығы сенің теңің, өмірлік жарың емес. Керісінше маған бойдақ жігіттердің қатары көп секілді. Сондай-ақ «заманына қарай адамы» демекші қыздардың да жігітке қояр талабы жоғары. Жеке үйің, тұрақты жұмысың, табысың, тіпті көлігіңің болғанына дейін қарайтын және мән беретін қыздар бар», - дейді 28 жастағы танымал экономист, сүрбойдақ Мақсат Серәлі.
Ал жеке кәсіпкер Азамат Зұлқарнай сүрбойдақтардың көбеюінің басты себебі тұрақтылықтың жоқтығынан дейді.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» демекші Қазақстанда отау құрғандардан гөрі ажырасқандардың саны басым. Осыны көріп ойланасың, бүгін шаңырақ көтеріп, ертең шайқалып кетпеуіне кім кепіл? Адамда да, қоғамда да тұрақтылық жоқ. Яғни, бүгін жасаған кәсібің ертең болмауы мүмкін, алған әйелің ертең тастап кетпеуі үшін ең бастысы ертеңгі күнге сенім жетіспейді. Шыны керек жігіттердің басым көпшілігі үй алып, материалдық жағдайын реттегенше жастары 30-ға тақап қалады. Менде де сондай жағдай. Өз басым әлі күнге дейін жүрегім қалаған қызды кезіктірмедім. Жанұяда 10 баламыз. Қыздарға қояр талабым өмірге көп бала әкелу. Әрине бұған екінің бірі келіспейді. Жасы өзім қатарлас қыздар үшін отбасыда ұйытқы болғаннан гөрі, мансап құрып, ақша тапқан маңыздырақ. Ал жас қыздарға өз басым онша сене бермеймін. Себебі, олардың отбасы құруға дайындықтары жоқ», - дейді жасы 32-ден асқан алматылық тұрғын.
Айбек Мұқанбаев (33 жаста) - Батыс Қазақстан облысының тұмасы. Алматыға 8 жыл бұрын келген. Техникалық білімі бар жігіт екі жұмыс атқарады. Сағат таңғы 8-ден тұрғын үйдің ауласын сыпырады, ал кешке дейін пәтер иелері кооперативіне түскен өтініштер бойынша сантехник болып қызмет жасайды.
«Аула сыпырғаным үшін қыста 40 мың, ал сантехник қызметіме 75 000 теңге аламын. Жұмысым таңғы 6-7-лерде басталып, кешке 19 00-ге таман бітеді. Жалақымның жартысы пәтер жалдау, ішіп-жемге кетсе, 45 мың теңгені ай сайын несиеге құямын. Анам ауырып, емдетуге 3 жыл бұрын қомақты қарыз алған болатынмын. Туыстарымның бәрі күн сайын «үйлен» деп ескерту жасайды. Біріншіден - маған тұрмысқа шыға қоятын қызды кезіктірмедім. Екіншіден – басымда қомақты қарыз, өзім пәтер жалдап тұрамын. Оларды қалай бағам деген қорқыныш бар. Осы 2 себеп, меніңше әлі күнге бойдақ жүргенімнің», - дейді Айбек.
Отбасы құруға ең қолайлы кез 18 бен 23 жас аралығы.
Елімізде 30-дан асқан бойдақтардың санының артуына психологтар да алаңдаулы. Психолог Ділдә Сақтағанованың сөзінше жалғызбастылық материалдық жағдайға байланысты емес, жеке адамның жауапкершіліктен қашуынан дейді.
«Психологиялық тұрғыдан алар болсақ, 30-ға келсе де үйленбеудің басты себебі – отбасылық жауапкершіліктен қашу. Яғни, үйлену, балалы болу сынды жауапты іске мойынсұнғысы келмейді. Екінші жағдай - сүрбойдақтардың отбасылық тәрбиесінде аналық, әкелік рөлдердің қалыптаспауы. Кішкентай кезінен ата-аналары болашақта жақсы отағасы, отанасы боласың деп үйретпегеннен. Сондықтан оларда әкелік, аналық сезім жоқ. Осылардың таяздығынан отбасылық құндылық жойылып барады. Бойдақ жүрген адам өзін еркін сезінеді, сол үшін де сән секілді көрінеді адамдарға. Шын мәнісінде бұл уақытша құбылыс. Жалпы 30-дан асып, отбасы құрмаған адамдар - сырттай бақытты болып көрінгенімен жан күйзелісіне ұшырағандар. Табиғат заңы бойынша еркек те, әйел де жалғыз болмауы тиіс. Оны тұтастық дейді. Ал материалдық жағдайға байланысты отбасы құрмау ол соңғысы. Кейбір азаматтар елден қалғысы келмей, үйленген соң дүркіретіп той өткізгісі келеді. Оған қаржысы болмаған соң отбасы құрудан бас тартады», - дейді маман.
Психологтың сөзінше отбасы құруы үшін ең қолайлы уақыт 18 бен 23 жас аралығында. Осы уақытта ер жігіт пен қыздардың нағыз жетілген кезі.