Қазақтың ер-азаматтары әйелдерге қарағанда қанша жыл кем өмір сүреді?
|
Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Айыпханованың айтуынша, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы - 72 жас. Ал еуропалықтар арасында бұл көрсеткіш - 80,6 жас. Қарапайым арифметикаға салғанда, қазақстандықтар еуропалықтарға қарағанда орташа есеппен 8,5 жас кем өмір сүреді. Сондай-ақ, ол еліміздегі ер-азаматтар мен әйелдер арасындағы өмір сүру ұзақтығы бойынша қанша жас айырмашылығы орын алып отырғандығын да жеткізді. Тарқатып айтқанда, еліміздегі ер-азаматтардың өмір сүру ұзақтығы - 67,5 жас, ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш - 76,5. Яғни, еліміздегі бөріктілер ақ жаулықтыларға қарағанда аз өмір сүреді. Бұған ер-азаматтардың арасында сусамыр, қан қысымы, өзге де созылмалы аурулардың кең тарағаны себеп болып отыр. Сонымен бірге, ер-азаматтардың дені еліміздегі жол-көлік апатынан көз жұмады екен. Өз-өзіне қол жұмсап, бақилық болатындары қаншама. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанованың 2017 жылдың көктем мезгілінде келтірген статистикалық мәліметіне қарағанда, елімізде ер-азаматтар әйелдерге қарағанда бес есе көп суицидке барған. Соңғы бес жыл ішінде елімізде 16 940 адам суицид жасаған, олардың 13 568 - ер-азаматтар.