Қазақтарға жұмыс іздеу оңайлайды
|
Ағымдағы жылда электронды еңбек биржасын іске қосу жоспарланып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған биржа қазіргі enbek.kz порталы негізінде жұмыс істейтін болады. Онда жұмыс іздеп жүрген азаматтар мен бос орындар туралы толық ақпарат жарияланады.
“Электронды биржаны құрудың негізгі мақсаты – бір жағынан ел азаматтары үшін жұмыс іздеуді барынша жеңілдету, екінші жағынан жұмыс берушілер үшін қажетті мамандарды жылдам табуға көмектесу. Ол үшін жұмыспен қамтудың мемлекеттік орталықтарынан, маман іздеп жатқан кәсіпорындардан, рекрутингтік компаниялардан және жұмыс іздеп жүрген азаматтардың өздерінен барлық ақпаратты жаңартылған порталда орналастыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жұмыс іздеушілер үшін жеке электронды кабинеттер ашылып, онлайн режімде сұxбаттасуды ұйымдастыру қызметтері де болады. Соның арқасында әкімшілік кедергілерден құтылуға болады. Біздің жоспарымызға сәйкес, электронды еңбек биржасы ағымдағы жылы қыркүйек айында іске қосылады”, – деді ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Оның айтуынша, электронды еңбек биржасы арқылы республика бойынша бос тұрған жұмыс орындарын көруге болады. Сондықтан бір жердің тұрғыны көрші аудандағы, я болмаса, қаладағы бос жұмыс орны үшін таласа алады.
“Енді, ауылды жерлерде жұмыс көп табыла бермейді. Оны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан ондай жерлерде біз шағын несиені көптеп беріп, азаматтардың жеке кәсібін ашуына, сол арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтуына жағдай жасайтын боламыз”, – деп атап көрсетті Нұрымбетов.