Қазақстанның тауар экспорты 30%-ға артты
|
Жыл басынан бергі тауар экспортының көлемі өткен кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 30%-ға артты. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады. «2017 жылғы бірінші тоқсанда тауар экспорты өткен кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 30%-ға артып, 11 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өз кезегінде Қазақстан төлем балансының ағымдағы шотындағы тапшылықты азайтты. Осы кезең аралығында ағымдағы шот тапшылығы алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 2,6 есе қысқарып, 1,1 млрд АҚШ долларын құрады», - делінген хабарламада. Сарапшылардың айтуынша, бұған ең алдымен әлемдік тауар нарықтарындағы бағаның салыстырмалы түрде өсуі және «Қашаған» кен орнындағы өндірістің іске қосылуы ықпал еткен. «Мұнай және газ конденсаты экспортының құны 2016 жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда 35%-ға, қара және түсті металдардікі 63%-ға және 24%-ға өсті. Нәтижесінде сауда балансының оң сальдосы өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есе өсіп, 4,1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды», - делінген баспасөз хабарламасында.