Қазақстанның қай өңірінде ана мен бала өлімі жоғары?
Қазақстанның қай өңірінде ана мен бала өлімі жоғары?
5 жыл бұрын 2391 Зарина Қаһарман

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Айнұр Тоқсанқызы 2016-2019 жылдар аралығына арналған "Денсаулық" бағдарламасының жартыжылдық қорытындысы туралы айтты. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі хабарлады.  

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың төрағалық етуімен 2019 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің құрылымдық бөлімшелері басшыларының, департаменттердің, Қоғамдық кеңес мүшелерінің, облыстық денсаулық сақтау басқармалары басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісі өтті.

"Мемлекеттік "Денсаулық бағдарламасы жеті бағдарлама бойынша жұмыс істейді. Өкінішке қарай, алты айлық қорытынды бойынша 39 көрсеткіштің тоғызы жоспар бойынша жеткілікті емес. Қостанай, Маңғыстау облыстарында 8 индикатор көрсеткіш бойынша жоспарлы деңгейге жетпеді. Оның ішінде ана өлімі, нәресте өлімі, жалпы өлім, жүрек-қантамыр аурулары жоғары. Сондай-ақ, алғашқы медициналық жәрдем бойынша бір дәрігерге қаралатын адам саны шамадан жоғары. Мысалы, жоспар бойынша бір дәрігерге 1700 адам қаралуы керек болса, Алматы облысында бір дәрігерге 2900 адам, Қостанайда 2700 адам, Павлодарда 2500 адам қаралады. Бұл көрсеткіштер жыл сайын азаюы керек болатын. Мұндай жағдайда дәрігер науқасты қарайтын уақыты жетпейді, кезек те осы себепті пайда болады. Сондықтан жалпы практика дәрігерлерін ынталандырып, жалақыларын өсіру керек және әлеуметтік көмек көрсету арқылы жеке меншік емханаларға кетіп қалмауына жағдай жасау керек", - дейді орталық бас директоры Айнұр Тоқсанқызы. 

Бас директордың айтуынша, бүгінгі мәжілістің мақсаты - жылдың соңы - желтоқсан айында қалған 6 айда өңірлер бұл бағдарламаны жүзеге асыру барысында қандай шаралар қолдануға болатынын анықтау екенін айтты.

"Біздің мақсатымыз - облыстық денсаулық сақтау басқармаларының, жергілікті әкімдіктердің жұмысын қадағалап, оларға қандай бағдарлама бойынша қандай шараларды орындау керектігін айту. Мысалы, ана өлімі бойынша көрсеткіш шамадан тыс жоғары. Ана өлімі бойынша 100 мың жаңа туған балаға шаққанда Қостанайда 36,1, Қарағанды өңірінде 26,4 және Атырау облысында 25,2 көрсеткіш. Нәресте өлімі Ақтөбе, Атырау және Солтүстік Қазақстан облысында жоғары. Ал жалпы өлім бойынша Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жоспардағы көрсеткіштен асып бара жатыр. Әр облыстың аумағы, халық санына байланысты көрсеткіштер әртүрлі болады", - дейді ол.

0 пікір
Мұрағат