Қазақстанда өткен жексенбіде Ақтөбе қаласында адам өліміне әкелген сорақы сипаттағы зорлық актілерімен байланысты оқиғаны басынан кешірді. Осы зұлымдықты жасаған лаңкесшілер ең басты нәрседен қате жіберді – Қазақстан халқын лаңкестіктің ешқандай түрімен қорқыта алмайды. Бұндай әрекеттің мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айының қарсаңында орын алғаны оның зымияндығын көрсетеді.
Адамгершілікке жат бұл әрекет ғасырлар бойы бейбіт және тату көршілікте өмір сүріп келе жатқан түрлі этностар мен мәдениет және дін өкілдерінен тұратын Қазақстан халқын одан сайын біріктіре түсті. Біздің еліміздің тарихы біздің қасиетті жерімізде ғасырлар бойы Қазақстанды туған үйі санайтын ислам, православие, католик және иудаизм өкілдері қатар өмір сүріп, еңбек етіп отырғанын дәлелдейді.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Өзіміздің ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасында біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Қоғамдағы бірлік пен елдегі тұрақтылық болмайынша біздің болашақ дамуымыз, барлық ойға алғандарымызды жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету саясаты маңызды басымдыққа ие болып қала береді», – деуі осыны аңғартады.
Елбасымыз халықаралық қауымдастыққа «Әлем. XXI ғасыр» манифесін жариялай отырып, «Соғыссыз әлем» ортақ бағдарламасы шеңберінде әлем елдерін қазіргі таңдағы заманауи дағдарысты еңсеру жолында күш-жігерін біріктіруге шақырды.
Адам – Жаратушының ғажап жаратылысы. Әлемдік және дәстүрлі діндердің негізгі өсиеттерінің бірі кісі өлтіруге тыйым салу болып табылады. Террористер мен экстремистердің қандай да діни мәтіндерді пайдаланып, қандай да жоғары беделді тұлғалардың аттарын жамылғанымен, олардың іс-әрекеттерінен өз айналасына қайғы-қасірет, азап және күйзеліс тарату арқылы зұлымдыққа қызмет ететіндерін көруге болады.
Осыған байланысты біз, Қазақстанның жетекші діни бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері, Қазақстан Республикасы Президентінің әлемдегі бейбітшілікті сақтауға бағытталған бастамаларына толығымен қолдау білдіреміз.
Біз Ақтөбеде орын алған қылмыстық әрекеттерді үзілді-кесілді айыптаймыз, сондай-ақ, экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністері мен түрлерін үзілді-кесілді қабылдамаймыз, зорлық-зомбылықтың кез келген түрін діни тұрғыдан ақтау әрекеттерін айыптаймыз.
Дін мен экстремизмнің үйлеспейтінін мәлімдейміз, жазықсыз адамдардың өліміне әкеп соғатын әлемнің түрлі аймақтарында орын алып жатқан қатыгез террористік әрекеттерге үлкен алаңдатушылық білдіреміз.
Біз барлық отандастарымызға: біздің ортақ құндылықтарымызға қарсы шыққан және әлемнің тұрақты дамуына қарсы бағытталған экстремизм мен терроризм идеологиясына қарсы тұруға, барлық адамзаттың қауіпсіздігінің негізі адамдардың бейбіт өмір сүру болып табылатындықтан, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға ықпал етуге, өз күшімізді Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолындағы жасампаз еңбек пен адамгершілік мұраттарды ілгерілетуге жұмылдыру арқылы этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға жағдай жасауға үндеу жариялаймыз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,
Бас мүфти Е.Маямеров
Қазақстан Республикасындағы Орыс православ шіркеуінің
басшысы, Астана және Қазақстан Митрополиті Александр
Астанадағы Қасиетті Мәриям Архиепархиясының
Архиепископы Томаш Пэта
Қазақстанның бас раввині Е.Коген