Қазақстанға құс етінің 53 пайызы шетелден келеді (видео)
|
Еліміз құс етінің импортына тәуелді. Қазақстан аталған өнімнің 53%-ын сырттан тасымалдап отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Ермек Әбуовтің айтуынша, отандық кәсіпкерлер ішкі қажеттіліктің 47%-ын ғана жабуға қауқарлы. Яғни, жыл сайын қазақстандықтар 300 мың тоннаға жуық құс етін тұтынса, соның 147 мың тоннасы елімізде өндіріледі. Қалғаны импорт. Жалпы, елімізде өнім шығаратын 17 фабрика жұмыс істейді. Алайда, олардың тауарлары тұтынушылардың қажеттілігін өтей алмауда. Мәселені шешу мақсатында жауапты министрлік шетелден инвестиция тартып, шаруашылықтар ашуды қолға алған. Яғни, мамандар 2020 жылға қарай шеттен келетін құс етіне тәуелділікті жоюға ниетті. Ермек Әбуов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің басқарма басшысы: - Жылына қуаттылығы 60 мың тоннаға дейін ет өндіретін Қостанай облысында қарастырып жатыр. Соның инвесторы украиндық компания болып табылады. «Макинская фабрикасы» ЖШС Ақмола облысында. Оның да қуаттылығы 60 мың тоннаға жетеді. Бірінші кезең бойынша 2017 жылдың аяғына таман, екінші кезең 2019 жылға қарастырылып отыр. 2020 жылға дейін салынып бітеді деп жоспарлаудамыз.