Қазақстанға дәрілердің 70 пайызы Еуропадан келеді
|
Парламент Сенатының отырысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова дәрі-дәрмектерді шығару саласындағы отандық кәсіпорындардың үлесі жайында айтып берді.
«Бүгінде республика бойынша дәрілік заттардың 8 мыңнан астам түрі тіркелген. Соның 598-ін, яғни 7 пайызын отандық өнім өндірушілер шығарады. Ресей – 17 пайыз, Беларусь – 5 пайыз, Қырғызстан жақтан дәрілер келмейді. Демек, қалған медициналық өнімдер Еуропадан тасымалданады», - дейді министр.
Айта кетейік, Парламент Сенатының бүгінгі отырысында «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде дәрілік заттар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңы жобасын мақұлданды. Сондай-ақ, депутаттар осы іспетті медициналық бұйымдар айналымы туралы келісімге Арменияның қосылуын қолдады.
Министрдің айтуынша, дәрі-дәрмектерді шығаратын отандық өнім өндірушілері үшін 2018 жылға дейін халықаралық талаптарға сай болу міндеті қойылды. Қазіргі кезде ондай өндірушіллердің саны 11 кәсіпорынды құрайды. Осылайша, медициналық препараттардың сапасы барынша көтеру көзделген.
«Ал Арменияның дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы туралы келісімге қосылуынан кейін біздің тауар өндірушілеріміз өз өнімдерін тасымалдағанда ешқандай қиындық көрмеуі керек. Себебі, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдер үшін ортақ кедендік баж салығы бар. Барлығы соны төлеп, өз өнімдерін тасымалдай береді», - дейді Т.Дүйсенова.