Қазақстанға БАӘ-ден 1 миллиард доллар инвестиция тартылды
Қазақстанға БАӘ-ден 1 миллиард доллар инвестиция тартылды
8 сағат бұрын 62 24.kz Рауан Мыңбай

Биыл Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға 1 млрд доллардан аса инвестиция тартылды, деп хабарлады 24.kz 

Көрсеткіш – бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда 4 есе көп. Қазір елде әмірлік капиталымен 462 компания құрылып, табысты жұмыс істеп келеді. Абу Дабиде өткен «AIFC Connect» іс-шарасында осы және өзге де маңызды жайттар айтылды.

Әмірліктер - Таяу Шығыс бойынша ең ірі мемлекеттік қор және құрылым активтері шоғырланған аймақ. Жалпы қаржылық әлеуеті 1 жарым трлн доллардан асады.

Кейінгі уақытта мұндағы іскерлік алаңда қазақстандық жобаларға қызығушылық арта бастады. Инвестиция тұрғысынан еліміз үшін қаржылық серіктестерді көбейтуге қолайлы мүмкіндік туды.

Рауан Жұмабек, Қазақстанның БАӘ-дегі Төтенше және өкілетті Елшісі: - Биыл Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 1 млрд доллардан асып, ғаламат өсім көрсетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерден 4 есе артық. Мұндай оң үрдіс – бұл жай ғана сандар емес, Қазақстанға деген жоғары сенімнің айғағы және инвестициялық ахуалымыз ірі капитал үшін барған сайын тартымды болып келе жатқанының көрінісі.

Араб жерінде биыл екінші мәрте ұйымдастырылған «AIFC connect» іс-шарасы қазақ-әмірлік серіктестігін жаңа деңгейге көтерді. Бастамаға дипломатиялық миссия жетекшілері ұйытқы болды. Инвестициялық банк,технологиялық компания және жергілікті биржа өкілдері қатысқан басқосу бірнеше панелдік сессияны қамтыды. Сарапшылар болжамы мен нақты экономикалық талдаулар жасалды.

Ренат Бектұров, АХҚО басқарушысы: - Екі ел арасындағы экономикалық-сауда қатынастар өте жақсы. Ол еліміздің басшылары тарапынан да жақсы дамып жатыр. Бүгінгі таңда БАӘ-ден АХҚО-да 50 компания тіркелген. Masdar, Presight сияқты. Жасанды, интеллект, баламалы энергетика, көлік-логистика саласында үлкен-үлкен жобалар іске асырылып жатыр. Жаңа жобалар, компаниялар табу үшін осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз.

Жалпы екі елдің стрататегиялық серіктестігі терең. Қаржы нарықтары бір-біріне ұқсас жүйемен дамып келеді. Осыны ескерген әмірліктер Қазақстан нарығына қомақты қаржы құйған ең ірі 10 мемлекеттің қатарына кіріп отыр. Тәуелсіздік жылдары елімізге 4,3 млрд доллар инвестиция салған. Бірлескен компаниялар саны да едәуір мол.

Бабак Ахмадзада, инвестициялық компанияның бас директоры: - Кез келген келісім құқықтық тұрғыда қамтамасыз етілуі қажет. Ол сенімді болған сайын инвестордың тәуекелі азаяды. Сосын стандарттық реттеу шаралары да болуы қажет. Астана осы тұрғыда көшбасшы орында. Ондағы қаржы нарығына жаңа заңнама және заманауи ақша түрлері көптеп енгізілді. Мұның барлығы инвестициялық қызығушылықты арттыратын жайт.

Қос елдің қазір энергетика, көлік, авиация, су ресурстары, өнеркәсіп салаларында бірлесіп қолға алған жобалары бар. Жуырда қатары артуы мүмкін. Осы ретте, Астана халықаралық қаржы орталығы барлық процесті бір ізге келтіріп, инвесторларға қолайлы жағдай жасап жатыр. Оның үстіне, мұнда инвестициялар арнайы заңмен қорғалады.

Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО сотының аппарат басшысы: - Бүгінгі іс-шарада мен инвесторларды Қазақстан экономикасына қаржы салуға шақырдым. Себебі, бұл елді және ондағы халықаралық қаржы орталығын барлық жерде біледі. Әлеуетті құрылым екеніне көз жеткізген. Біздің сот Қытай, Араб Әмірліктері және басқа да  елдердің қаржыгерлерімен сенімді жұмыс істейді. Арада тығыз ынтымақтастық орнаған.

Бір айта кетерлігі, кездесу араб инвесторларына Қазақстан нарығы жайлы жан-жақты ақпарат ұсынды. Астана қаржы орталығында дирхаммен алғашқы облигация орналыстырылғаны айтылды. Бұл қадам келешекте әмірліктен капитал ағынын арттырыруға жол ашады. Біздің елге керегі де осы. 

0 пікір
Мұрағат