Қазақстандықтар үшін биыл 5 мың квота бөлінді
|
Сейсенбіде өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы биыл қазақстандықтар үшін қажылыққа бес мың квота бөлінгенін мәлім етті. Сондай-ақ, ол Сауд Арабиясы билігінің өткен жылы қажылық квотасын белгілі бір себептермен әлем бойынша 20 пайызға кеміткенін еске салып өтті. Қазақстан аумағында 11 млн мұсылманның барын, соған орай 11 мың адам қажылық парызын орындау мүмкіндігіне ие екендігін, алайда, қажылық квотасының әлем бойынша жиырма пайызға кемітілуіне байланысты биыл бес мың адам ғана қасиетті сапарға аттана алатынын тілге тиек етті. Биыл қажылық қазан айының 1-і мен 5-і күндері аралығында өтеді. Бас мүфтидің кеңесшісі Хұсейн Шейх Мұхаммед өз кезегінде Сауд Арабиясын жайлаған инфекциялық аурудан қажыларға келер қауіп жоғын ескертті. Қажылармен бірге имамдар және медицина қызметкерлері болатынын жеткізді. Тек қасиетті сапар алдында екпе жасатса жетіп жатыр.