|
Қазақстандықтар қажылыққа барады: әуе компанияларына қандай талаптар қойылады
|
KAZINFORM – Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, отандастарымыз биыл да қажылыққа барады. Ислам парыздарының бірі 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеледі. Қазақстандықтардың Сауд Арабиясына қауіпсіз барып-келуі үшін қандай жағдай жасалатыны жөнінде анықтаған едік.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі ұсынған мәліметке сай, Сауд Арабиясының әуе кеңістігі халықаралық рейстер үшін ашық. Бірақ Таяу Шығыстағы кей елдерде әлі де шектеулер бар.
– Осындай жағдайға байланысты қазақстандық әуе компаниялары маршруттарды жоспарлағанда, сын-қатерлерді ескеруі тиіс, – делінген Қазақстанның авиациялық компаниясының сауалымызға жолдаған ресми жауабында.
Жолаушы тасымалдаушыларға нақты міндеттер қойылып отыр. Олар төмендегі мәліметтерді әрдайым бақылап, біліп, ескеруі керек:
· Халықаралық ұйымдардың деректері. Соның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO), Авиациялық қауіпсіздік агенттігі еуропалық одағы (EASA) және басқа да ұйымдардың мәліметтері;
· Аэронавигациялық ақпарат, сондай-ақ NOTAM (әуеайлақ инфрақұрылымының жағдайы және ұшу қауіпсіздігіне ықтимал қауіптер туралы жедел хабарламалар);
· Мемлекеттік органдардың ақпараты мен ашық дереккөздердегі мәліметтер.
Осындай талаптар орындалса, рейстердің қауіпсіздігін бақылауда ұстауға болады әрі халықаралық тәжірибеге де сай келеді.
– Сауд Арабиясына әуе рейстерінің маршруты қауіпті аймақтарды және жабық әуе кеңістіктерін айналып өту арқылы құрылады. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеде бар. Осы арқылы рейстердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Алматы – Джидда/Медина, Астана – Джидда/Медина, Шымкент — Джидда/Медина бағытындағы тікелей рейстер жоғарыдағы талаптар орындалған жағдайда ғана жүзеге асады, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, авиациялық әкімшіліктің мәліметінше, Таяу Шығыстағы кей елдердің әуе кеңістігі жабық күйінде қалып отыр. Жағдай әрдайым бақылауда. Қосымша шешімдердің қабылдануы әскери-саяси ахуалдың өзгеруіне байланысты.
Айта кетейік бұған дейін биылғы қажылық маусымы 15 мамыр – 5 маусым аралығында өтетінін жазғанбыз.
Алпамыс Файзолла
Биылғы қажылық маусымы 15 мамыр - 5 маусым аралығында өтеді
KAZINFORM — Қазақстан мұсылмандар діни басқармасында қажылық маусымын ұйымдастыру мәселелеріне арналған онлайн жиын өтті. Бұл туралы діни басқарманың баспасөз қызметі мәім етті.
Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы, Қазақстан қажылық миссиясы өкілдері және қажылық сапарын ұйымдастыруға рұқсат алған 14 туроператордың басшылары қатысты. Жиынның негізгі мақсаты — биылғы қажылық маусымын отандастарымыз үшін барынша қолайлы, қауіпсіз және жоғары деңгейде ұйымдастыру.

Фото: ҚМДБ
— Биылғы маусымда конкурстық негізде қажыларды тасымалдау жұмыстары Қазақстандық Air Astana және SCAT, сондай-ақ Саудиялық Flyadeal әуекомпанияларымен жүзеге асады. Ұшу рейстері еліміздің ірі мегаполистері — Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан тікелей Джидда мен Мәдина қалаларына бағытталады. Қажылардың елге қайту сапары да осы екі қаладан кезең-кезеңімен жоспарланған. Биылғы қажылық сапары 15 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді, — делінген хабарламада.
Жиын барысында, қажылардың Қазақстан аумағынан тиісті туркодпен шығуы, вакцинация мәселесі, қажылық барысында Сауд Арабиясының заңдарын орындау, Қазақстандық квотамен шетел азаматтарын апармау мәселесі және қажылықты ұйымдастыруға рұқсат алған отандық 14 туристік фирма өкілдерінің өз ұсыныстары мен сұрақтары ортаға салынды.

Фото: ҚМДБ
Кездесу соңында Қазақстан қажылық миссиясының төрағасы, наиб мүфти Кенжетай Байкемелұлы биылғы қажылық маусымын Қазақстан мұсылмандары үшін рухани тұрғыда мазмұнды әрі техникалық жағынан мінсіз өткізу барлық тарапқа қойылатын басты талап екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында адал әрі әділ бәсекелестікке қол жеткізу үшін конкурс жариялағанын жазған едік.
Бұдан былай Сауд Арабиясы қажылық ережелерін бұзғандарға қатаң айыппұлдар енгізгенін еске саламыз.
Бақытгүл Абайқызы