Қазақстандықтар мобильді интернеттің құлдығына түпкілікті түсті
Қазақстандықтар мобильді интернеттің құлдығына түпкілікті түсті
3 ай бұрын 567 inbusiness.kz Бақыт Көмекбайұлы

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Kcell ұялы операторының таза табысы бірден 3,3 есеге – 5,5 миллиард теңгеге дейін құлдыраған. 

Салыстырсақ, былтырғы бірінші жартыжылдықтағы таза табысы 17,8 миллиард теңге болыпты. Бұл туралы Inbusiness.kz KASE-ге сілтеме жасап, хабарлады. Өз кезегінде KASE-ге бұл ақпаратты Кселл берген.

Еліміздің телекоммуникациялық нарығындағы ұялы байланыстың ірі операторларының бірі "Кселл" акционерлік қоғамы өз акционерлері мен инвесторларын 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындылары туралы хабардар етті. Ол ел назарына жиынтықты қаржылық есебін ұсынды.

"Желілік инфрақұрылымға және жабдықтарға елеулі инвестиция салғанына қарамастан, компания маржиналдылықтың жоғары деңгейін сақтап қалды. Қаржыландырудың теңгерімді тәсілін қолдану оператор мен менеджментке қаржылық орнықтылық пен табыстылықты ұстап тұруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 2024 жылдың 6 айының қорытындысында, Кселл өткен жылғы ұқсас мерзіммен салыстырғанда түсімін 9,7%-ға немесе 119,8 миллиард теңгеге дейін ұлғайта алды", – деп хабарлады KASE.

Бұл ретте ұялы оператор өз кірісінің басым бөлігін тұтынушылардың, бизнестің қалтасынан алған. Клиенттермен арадағы келісімшарттарынан түскен түсімі 116,9 миллиард теңгені құрады және 2023 жылғы сәйкес кезеңдегіден 8,7% көп болды. Бұған Кселлдің өз тарифтерін жаппай көтеруі ықпал етсе керек.

Тағы 2,9 миллиард теңгені ол субсидия түрінде мемлекеттік бюджеттен алған.

Алайда, қаржылық есептегі деректер бойынша 2024 жылғы І-жартыжылдықта компанияның таза табысы 5,5 миллиард теңгені құраған. Аудиторлар таза табыстың биыл уақытша күрт төмендеуіне аса қымбат тұратын 5G жобасын жүзеге асыруымен байланысты шығындар, радиожиілікті спектр мен амортизация шығыстары ықпал еткенін атап өтеді.

Демек, жылдың екінші жартысында таза табысы (кірістен салықтарды, шығыстарды, амортизацияны алып тастағандағы қалдығы) күрт артуы мүмкін.

Кселлдің жалпы түсімінің артқанына қарамастан, оператордың өнімінің өзіндік құны да 90,3 миллиард теңгеге дейін артып шыға келген. Бұл компанияның жалпы табысын 19%-ға немесе 29,4 миллиард теңгеге дейін азайтты.

Бұған қоса, операциялық табысы бірден 1,6 есеге – 16 миллиард теңгеге дейін құлдыраған.

Есепте жазылғандай, Kcell қоймаларында телефондар мен аксессуарлар түрінде 7 миллиард теңгенің тауары жатыр. Старттық пакеттерінің қалдығы 290 миллион теңге, SIM-карталар – 153 миллион теңге болған. Жарнамалық материалдары 53 миллион теңгені құраған.

Сондай-ақ, бірінші жартыжылдың соңында компания амортизациясының қалған мерзімі 14 жыл болатын 5G лицензияларын 72,8 миллиард теңгеге бағалады. 6 жылдық амортизациясы бар 4G лицензиясы 11,4 миллиард теңге, 3G лицензиясы – 500 миллион теңге (1 жыл) болған.

Компания "жаңа технологияларға көшу операциялық көрсеткіштердің өсуіне серпін береді" деп сенеді. Жабдықтарын жаңғыртып, заманауи озық құрылғылар сатып алып жатқаны да содан. Соның нәтижесінде, Кселл клиенттері тұтынатын трафиктің көлемі тек биылғы бірінші жартыжылдықта 407 петабайтқа дейін өсті.

Ал, Астана мен Алматыдағы Кселл клиенттерінің айлық белсенді қолданылатын 5G-смартфондарының саны жыл басынан бері 30% көбейген.

Кселл Қазақстан халқының 82,97%-ы тұратын аумақты 4G/LTE желісімен қамтып отыр.

Kcell-дің негізгі акционері – "Қазақтелеком" АҚ-ы: ол оператордың 51% акциясына ие. Басқа ірі акционері мыналар: олигарх Ғалымжан Шахмарданұлы Есеновтің қолында оның акцияларының – 14,87%-ы, "JusanBank" АҚ меншігінде – 9,08%, БЖЗҚ иелігінде – 7,07% бар.

Осы орайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазақстандықтардың мобильді интернетке қатты тәуелді болып қалғанына назар аудартты. Кселл және басқа операторлар халықтың осы "құлдық" жағдайын өз мақсатында пайдаланады. Тарифтерін қалағанынша көтереді.

"Бүгінде Қазақстанда мобильді интернет – интернет желісіне қол жеткізудің негізгі көзіне айналды. Сымды, бекітілген интернет абоненттерінің саны 2,9 миллион ғана қалды. Олардың үлесі 12 пайыз ғана. Есесіне, интернетке қосылған ұялы байланыс абоненттерінің саны бір жылда тағы 3,1% өсіп, 17,4 миллион адамға жетті. Телекоммуникациялар саласындағы жаһандық тренд сымсыз мобильді желінің дамуы бағытында қарқынды өрбуде", – деп мәлім етті агенттік.

Антимонополиялық органды қазақстандық ұялы байланыс нарығының ары қарай алпауыттарға жем болып жатқаны, отандық бұл салада бәсекелестіктің дамымағаны алаңдатады. 2023 жылы Қазақстан аумағында ұялы байланыс қызметтерін көрсету лицензиялары тек "Кселл" АҚ-ына ("Kcell" және "Activ" сауда белгілері), "КаР-Тел" ЖШС-іне ("Beeline" мен "IZI") және "Мобайл Телеком Сервис" ЖШС-іне ("Tele2" мен "Алтел") ғана берілген.

Содан кейін үш оператор ойына келгенін істейді, "қайда кетер дейсің?!" деп шекеден қарап, тұтынушылар үшін таласпайды, ең тиімді шарттар ұсынуға тырыспайды.

0 пікір
Мұрағат