Қазақстандықтар күніне 15 млн полиэтилен пакет тұтынады
|
Өндіріс көлемі өткен жылдың өзінде 63 пайызға артқан.
Қазақстанда ғасыр бойы шірімейтін қалдықтарды қайта өңдеу әзірге он бес пайыздан аспай тұр. Алматыда бас қосқан экологтар мен министрлік өкілдері өз жобаларын ортаға салып, ширыққан мәселеден шешім іздеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Ресми статистикаға сәйкес, елде жыл сайын 6 млн тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдық жиналады. Оның 200 мың тоннасы пластик материалдары. Жалпы қалдықтар мөлшері 43 миллиард тоннадан асады екен. Оны қайта өңдеу және жою жұмыстарының үлесі бар болғаны 13-15 пайыз арасында. Экологтардың айтуынша, қалған қоқыстар қоршаған ортаға салмақ салуда.
«Қазіргі уақытта қалдықтан құтылу жолы жоқ. Тек, қайта өңдеу жобасына жауапкершілік пен жүйелілік қажет. Мысалы, заңды талаптардың орындалуын қадағалау, тұрғындардың қоршаған орта туралы мәдениетін арттыру және үшіншісі қайта өңделген өнімді пайдаға асыратын өндірісті жетілдіру», - деді эколог, қоғам белсендісі Кирилл Осень.
Айта кетейік, өткен жылы Үкімет пластик қалдықтарды көмуге тыйым салған еді. Биыл тыйым салынған тізімге тұрмыстық өзге қалдықтар мен құрылыс қоқыстары енбек. Ал қазақстандықтар күніне 15 млн полиэтилен пакет тұтынады. Сұранысты қанағаттандыру мақсатында өндіріс көлемі өткен жылдың өзінде 63 пайызға артқан. Бұл пластикалық қалдықтарға деген сұраныстың күрт көбейгенін көрсетеді. Ал билік тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылы 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді жоспарлаған болатын.