Қазақстандықтар жанында қанша теңгеге дейін ақша сақтай алады
Қазақстандықтар жанында қанша теңгеге дейін ақша сақтай алады
6 жыл бұрын 3046

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан халқы активтер мен міндеттемелер бойынша есеп беретін болады. Декларация бойынша әрбір қазақстандық  үйлерінде 12 млн теңгеге дейін ақша сақтай алады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Тәкиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеп.

Комитет өкілі бұл декларацияда жеке тұлға меншік құқығы бар мүліктерді, оның ішінде, пәтерлер, көліктер, банктегі салымдарын және 2019 жылдың 31 желтоқсаны жағдайында төлеуге алған міндеттемелерін көрсетуі тиіс екенін айтты.

Мәди Тәкиев, сондай-ақ, декларация толтыруға міндетті тұлғаларды үш топқа бөліп көрсетті.

1. Кәмелеттік жасқа толған Қазақстанның барлық азаматтары, оның ішінде оралмандар мен Қазақстанда тұруға ықтиярхат алғандар.

2. Мүлкі немесе қатысу үлесі бар кәмелеттік жасқа толмағандар.

3. ҚР аумағында мүлкі бар шетелдіктер.

«Қолма-қол ақша. Яғни, декларацияда үйде сақтаулы тұрған қолма-қол қаражатты да көрсету керек. Егер қолма-қол ақша көлемі ең төменгі жалақы көлемінің 500 есесінен асып кетсе (Еңбекақының ең төменгі мөлшері – 28 284 теңге), банкте есепшот ашып, қаражатты сонда сақтауыңыз керек. Сосын банкте осындай қаражатыңыз бар екенін көрсетесіз», – деп түсіндірді Мәди Тәкиев.

Оның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған, бірақ, тіркеуде тұрған мүлкі бар тұлғалар үшін декларацияны ата-анасы немесе қамқоршысы ЖСН нөмірі арқылы толтырады. Мәди Тәкиев айтқан алдын ала болжам бойынша, 2020 жылы Қазақстанда шамамен 12 млн 900 мың адам декларация толтыратын болады. Оның ішінде 7,4 млн адам – қала тұрғындары және 5,5 адам – ауыл тұрғындары болады деп күтілуде.

Сонымен қатар, декларацияны толтырудың екі мерзімі бекітілген. Декларацияны қағаз жүзінде толтыратындар 15 шілдеге дейін, ал электронды түрде есеп бергісі келетіндерге 15 қыркүйекке дейін уақыт беріледі.

0 пікір
Мұрағат