Қазақстандық қажылар қатаң бақылауға алынатын болады
|
Бұдан былай Қазақстаннан қажылыққа баратындар қадағалауға алынатын болады. Бұл туралы Үкімет жиналысында сөйлеген сөзінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді - деп жазады BAQ.kz тілшісі.
Министр бұның жыл сайын қажылық парызын өтейтін Қазақстан азаматтарының діни жат ағымдарды бойларына сіңіріп алмауы үшін алдын ала жасалатын шара екенін айтты.
Сонымен қатар Арыстан Мұхамедиұлы Қазақстан заңнамасына «діни фанатизм» және «діни радикализм» терминдерін енгізу және оларға тыйым салу туралы жұмысшы топ құрылғанын мәлімдеді. Соның негізінде Мәдениет және спорт министрлігі ҚМДБ-на «діни рәсімдерді біртекті өту» туралы ұсыныс жасайтынын айтты.
«Діни бірлестіктерге, бірінші кезекте, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына барлығына ортақ діни рәсімдер өткізу тәртібін бекіту туралы ұсыныс жасаған дұрыс. Діндар азаматтар тарапынан мұсылмандардың арасындағы қарама-қайшылықтарды жою үшін діни рәсімдер өткізу тәртібін біртекті қылу туралы өтініштер айтылып жүр», - деді министр.