Қазақстандық оқушылардың инновациясы (видео)
Қазақстандық оқушылардың инновациясы (видео)
5 сағат бұрын 76 kaz.inform.kz 24.kz Досбол Атажан, Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин, Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев. Фото: Досбол Атажан / Kazinform
Алматылық оқушылар баспалдақтан өзі шығып-түсетін кресло-арба жасады

KAZINFORM - Алматылық оқушылар баспалдақтан өзі көтеріліп, түсе алатын электронды кресло-арба жасап шығарды. Жас өнертапқыштар өз құрылғыларын физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 жылдығына арналған көрмеде көрсетті.

«Jana arba» деп аталғаны жобаны 12 сыныптың оқушылары Тохтар Күмісбек, Марк Кан және Сергей Гапонов бірге жасап шыққан. Жоба авторларының айтуынша, электронды кресло-арбаны жасауға мүгедектігі бар достарына көмек көрсету ниеті себеп болған.

- Біздің ерекше қажеттілігі бар досымыз бар. Мектепте лифт пен пандустар болғанымен, оның сыртына шыққанда қажетті инфрақұрылымның болмауынан досымызға қиындықтар туындайды. Сондықтан оған ыңғайлы болатын электронды кресло-арба жасауды ұйғардық, - деді Тоқтар Күмісбек. 

Арбаны құрастыру барысында жас өнертапқыштардың екеуі инженер, біреуі программист ретінде міндет атқарған. Олар кресло-арбаны жазғы демалыс кезінде, яғни 3 айда құрастырған. Айтуларынша, барлық қажетті құралы-жабдық пен материалдарды өз қаражаттарына алған.

- Электронды арбамыз баспалдақ пен қалалық кедергілерді өзі еңсере алады. Мотор-редуктордың арқасында жұмыс істейді. Сондай-ақ, арбаның биіктігін көтеріп, түсіруге болады. Бұл функция арба баспалдақтан түскен кезде көмектеседі, - деді Тоқтар Күмісбек.

Өнертапқыштар қазіргі нәтижемен тоқтап қалмай, жобаны одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

Досбол Атажан

 

Алматылық оқушы тері ауруын анықтайтын жоба ұсынды

Алматылық оқушы жасанды интеллект арқылы тері ауруын анықтайтын ғылыми жоба ұсынды, деп хабарлайды 24KZ.

Ол зақымданған тері суреттері арқылы маймыл шешегі вирусын табуға болатынын көрсетті. Тәжірибелік модельдің ауруды анықтау дәлдігі – 95%.

Медицина саласында жасанды интеллектіні қолдану деңгейі күннен-күнге артып келеді. Қазірдің өзінде дамыған елдерде рентген, МРТ бейнелерін жасанды интеллектінің көмегімен талдау түрлі онкологиялық ауруларды дәл анықтауға жол ашып отыр.

Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Артем Лаврентьев өзінің ғылыми жобасында жасанды сананы тері ауруларының суреттерін талдауға және маймыл шешегі ауруын анықтауға бейімдеді.

Артем Лаврентьев, оқушы: - Модель қолданыстағы VGG 16 нейрондық желісінің негізінде жасалды, модельдің кескінді тану қасиеттері дамытылып, бейімделді. Бұл тері фотосуреттерінен ауруларды дәл анықтауға мүмкіндік берді. Тестілеу барысында нейрожүйенің суреттерді жай ғана жаттап алмай, анықтау үшін үлкейту қолданылды. Мұның бәрі оның өзектілігін көрсетті.

Тәжірибелік үлгінің көмегімен маймыл шешегі, желшешек, қызылша, сондай-ақ сиыр шешегі және стоматит ауруларын бірнеше секундта анықтауға болады. Дәлдігі – 95%.

«Жоба инфекциялық ауруды бастапқы кезеңінде диагностикалауға мүмкіндік береді әрі денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайтады», – дейді Артем.

Зияткерлік мектеп оқушыларының бұдан өзге де бірнеше ғылыми жобасы бар.

Дәмір Еркімалиев, физика пәнінің мұғалімі: - Жетінші сыныптар, төменгі сыныптардың өзі қазіргі таңда мейкблок деген робот құрастырады. Яғни, бұл жерде пультпен басқару арқылы, электр тоғын білесіз, өте электриктерге қауіпті. Сондықтан да бұл қауіпсіздікті сақтау үшін жасалып жатқан құрылғылар. Оқушылар көбіне әлеуметтік жобаларға басымдық берген. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін баспалдаққа оңай мініп түсетін арба стартап жобалар қатарында екінші орынға ие болған. Сондай-ақ, жер тербелісін сезетін өлшеуіштің демонұсқасы да дайын.

«Жетілдірген соң мектебімізде қолданысқа енгіземіз», – дейді жас зерттеушілер.

Ал Артем болса жобасын толық сынақтан өткізіп, болашақта кәдеге жаратуды жоспарлап отыр.   

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Ақтаулық оқушылар сары құмырсқаның емдік қасиетін анықтады

Ақтаулық оқушылар сары құмырсқаның емдік қасиеті барын анықтады, деп хабарлайды 24KZ.

Жеткіншектер термиттерді екі жыл зерттеген. Жәндіктердің илеуінен алынған топырақты қыздыру арқылы адамның буын ауруларын емдеуге болатынына көз жеткізіпті. Осы бағытта ғылыми жоба жазған дарынды балалар облыстық байқауда жеңімпаз атанды. Ибаш Жанболатова атындағы мектептің оқушылары гидропоника тәсілімен, яғни, топырақсыз өсімдік өсірумен де шұғылданады.

Сары құмырсқа Маңғыстаудың барлық елді мекенінде кездеседі. Жәндіктердің илеуі әсіресе далалық алқапта көзге анық түседі. Оқушылар қала сыртынан бірнеше ұяшықты тауып, зерттеу жүргізген.

«Термиттердің денесінен бөлінетін биоматериал топырақты өңдеп, емдік қасиетін арттырады. Илеуден алынған балшықты қыздырса, науқас бойындағы суықты алады. Бірнеше метр тереңдікте саңырауқұлақ өсіретінін де көп адам біле бермейді», – дейді. 

Аружан Сайын, оқушы: - Оларды ғалымдар жасанды түрде өсіргісі келген еді, бірақ оны дәл сондай қылып өздері өсіре алмаған. Оған өзіміз таңғалдық. Себебі сары құмырсқа мен саңырауқұлақтардың былай қарасаң, ортақ жағы жоқ. Мұны олар өздері өсіреді және сонымен қоректене алады.

Гүлжамал Мырзабайқызы, биология пәнінің мұғалімі: - Бұл суреттегі кісі менің анам. Ол кісінің буындарында сәл сырқаты бар. 10 күндік курс есебінде термиттердің топырағын жылы күйінде күнде кешкі мезгілде аяғына басу арқылы және бұл емді жасаған кезде міндетті түрде сақтанып, күтініп жүру керек. Топырақты аяққа басқан кезде өте жағымды, әсері жақсы мен мұнымен тоқтап қалмаймын, үнемі қолданымын деген кері байланыстарын естідік.

Ал мына оқушылар гидропоника тәсілімен аскөк, салат, қызанақ тұқымын зертханалық жағдайда егіп, жайқалтып шығарды. Мектеп басшылығы бұл жобаны құптап, арнайы жабдықты алып беріпті. Дарынды балалар басқа да көкөністі осы әдіспен өсіріп, жылыжайға немесе егістікке көшіруді жоспарлап отыр.

Алина Сәтімова, оқушы: - Мұны ауыл шаруашылығында, үй жұмысында, тұрмыс жағдайында және сонымен қатар ғарыштық зерттеулер жүйесінде қолдануға болады. Жалпы осы гидропоника жобасы Маңғыстау өңірінде кеңінен дамығаны дұрыс деп ойлаймын. Климатына қарай және құрғақшылық мәселесі болғандықтан, осы гидропоника саласын дамыту қажет.

Ізденімпаз оқушылардың жобалары қалалық, облыстық байқауларда топ жарған. Жас ғалымдар келер жылы республикалық, халықаралық білім сайысында бағын сынап көрмек. Қазір соған қызу дайындық жүріп жатыр. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Атыраулық оқушылар өзенді тазалайтын құрылғы ойлап тапты

Атыраулық оқушылар өзен суын ластанудан қорғайтын әрі тазартатын құрылғы ойлап тапты, деп хабарлайды 24KZ.

Назарбаев зияткерлік мектебінің 4 оқушысы жаңа жобаны 1 айда дайындап шығарған. Бүгінде олар жобаны әлі де жетілдіріп, сынақтан өткізуді жоспарлап отыр.

«EcoWave» – төменнен жоғарыға компрессор арқылы ауа шығаратын бірнеше түтігі бар құбыр. Құрылғыны өзеннің түбіне орнатса, судағы қоқыс су бетіне қалқып шығады. Кейін арнайы шыққан қоқысты арнайы құралдармен жинап алынады. Жайық өзенінің тағдырына алаңдаған оқушылар осылайша ерекше жобаны ойлап тапты.

Жанұя Жарас, оқушы: - Топ мүшелері: Ахмеди, Әлтайыр, Санжармен бірге, бірнеше зерттеулер жүргізіп, сол зерттеулердің арқасында жобамыз суды тазартудың ең қауіпсіз әдісі екенін дәлелдедік. Ауа көпіршіктері флора мен фаунаға ешқандай зиян келтірмейді. Балықтардың қозғалысына кедергі жасамайды. Бұл жоба, «EcoWave» өзендерді пластик пен химиялық заттармен ластану мәселесінің шешімі болып табылады.

Жобаның баламасы бұған дейін шет елдерде жүзеге асқан. Бірақ, атыраулық оқушылардың құралы олармен салыстырғанда өзгеше.

Ахмеди Зейнолла, оқушы: - Амстердамда жүзеге асқан жобадан біздің құрылғы ерекше. Өйткені, біз су астында ауа шығаратын құбырдан бөлек, жанына тағы бір түтік қоюды жоспарлап отырмыз. Сол арқылы химиялық ерітінді суға жіберіледі. Оның су айдынына ешқандай зияны жоқ. Керісінше қауіпті химиялық заттардан қорғайды.

Оқушылар енді бұл жобамен халықаралық білім бәйгесіне қатыспақ. Ұстаздары оқушылардың ізденімпаздығын жоғары бағалайды.

Асқар Арыстанбаев, зертхана меңгерушісі: - Мен оқушыларға роботатехника, бағдарламалау бағыты бойынша үйреттім. Сондай-ақ, зерттеу жұмыстарын жүргізуге жәрдемдестім. Жобаның жүзеге асуы үшін нақты әрі шынайы ақпарат алу маңызды. Қажетті құрал-жабдықтарды тауып беруге тырыстым.

Электр энергиясын тиімді пайдалану үшін оқушылар жел мен күннен қуат алатын қондырғы қолдануды көздейді. Енді осы жобаны Жайық өзенінде сынап көруді жоспарлап отыр. Егер экология проблемасын шеше алса,   жобаны кеңінен насихаттап, жаппай қолдануға ұсынбақ.

 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин


0 пікір
Мұрағат