Қазақстандық өнертапқыш бензинді үнемдейтін құрал ойлап тапты (фото)
Қазақстандық өнертапқыш бензинді үнемдейтін құрал ойлап тапты (фото)
7 жыл бұрын 5507 bag.kz Дәурен Ерболат Абзал Қалиев

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына 14 күн қалды. Қазақстандықтарды еліміздің маңызды көрмеде қандай жобаларды қоятындығы қызықтырады. Отандық инноваторлар энергия тиімділігі және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты 28 жобаны көпшіліктің назарына ұсынбақ. Осындай жобалардың бірін Астана электротехникалық зауытының қызметкері Диас Оралов ойлап тапқан. 

Диас Ораловтың туындысы сутегі генераторы деп аталады. Егер сынақтан сәтті өтетін болса, оны кез-келген машинаға орнатуға болады. Нәтижесінде көлік жанар-жағармайдың 40%-ын үнемдеп, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығармайды. Себебі, көліктен түтіннің орнына тек бу шығады. Бұл ірі мегополистерде экологияны сақтауға мүмкіндік береді дейді ғалым.

 

«Біз кез келген автомобильге арналған су генераторын шығарамыз. Генетордың жұмыс істеу тәртібіне тоқталайын. Қарапайым судың формуласы Н2О. 12-вольттік аккумуляторға разряд береміз. Сонда су жарылып, екіге бөлінеді. Яғни ол сутегі мен оттегіге айналады. Сутегі қозғалтқышқа барады. Осылайша біз бензин шығынын 40%-ға азайтамыз. Сондай-ақ, машина қозғалтқышының қуаты да артады. Ең маңыздысы экологияға зияны жоқ. Машинадан түтіннің орнына бу шығады. Үлкен ірі қалаларда көліктердің саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатыр. Салдарынан үлкен мәселе туындауда. Ал бұл құрал ұрпақтарымызға қоршаған ортаны ластамай, таза экологияны қалдыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Сонымен қатар Диас Оралов қазіргі таңда өнертабысының сынақтан өтіп жатқандығын атап өтті. Егер ол сәтті аяқталса, қазақстандықтар сутегі генеторын өз машиналарына қоя алады.

«Бұл құралды жасауға 3 жыл уақыт кетті. Сондай-ақ, оны заңды түрде рәсімдеуге, ғалымдардың алдында дәлелдеуге, экспертизадан өткізуге де біраз уақытымды жұмсадым. Біз мұны барлық көліктерге орнатқан жоқпыз. Тек бір көлікке ғана орнаттық. Ол – Қазақстанда жасалған Ssang Yong көлігі. Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен ҚХА сессиясында біз өз өнімімізді барша қауымға ұсындық. Отандық су генеторының бағасы – 150 мың теңге. Оны орнату үшін сіз бізге арнайы тапсырыс бересіз. «Мотордың көлемін айтасыз. Инжектор ме, дизель ме?» деген сияқты. Кейін біз көліктің техникалық параметріне қарап, сізге арнайы сутегі генераторын жасап шығарамыз. Орнату 40 қырық күнді алады. Ал джиптерге келгенде баға сәл қымбаттау болады. Себебі, оған қосымша құралдар алынады», - дейді өнертапқыш.



Сонымен қатар новатор өз өнертабысының шетелде жасалған сутегі генераторының көшірмесі емес екендігі дәлелдеді.

«Мен бұл құралдың технологиясын шетелден көшіріп алған жоқпын. Оны өзім жасап шығардым. Оны дәлелдейтін патент қолымда. Германияда осыған ұқсас құрал бұрыннан бар. Оны «Mercedes» компаниясы шығарады. Бірақ, мен жасап шығарған сутегі генераторын дистанционды түрде басқаруға болады. Біздің табиғатымыз қатал. Қыста қатты аяздар болады. Сонда мен компьтер арқылы бұл құралды басқара аламын. Айырмашылығы бағасында да бар. Шетелдің осыған ұқсас құралы 1,5 млн теңге болады. Ал менің құралым 150 мың теңге. Сондай-ақ, Германия өз өнімдеріне кепілдік бермейді. Ал мен кепілдік беремін», - деді ол.

Сонымен қатар Диас Оралов болашақ жоспарымен де бөлісті.

«Қазіргі таңда Астана электротехникалық зауыты айына 250 су генераторын шығара алады. Елорда әкімдігі бізді қолдаса, жер алсақ, өз цехымыз болады. Сонда өндірістің қуатын арттыруға мүмкіндік туады. Алдағы уақытта үйді жылытуға арналған сутегі генераторын жасауды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Сөз соңында өнертапқыш «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің новаторлар үшін маңыз екендігіне тоқталды.

«ЭКСПО-2017» көрмесінде жоғары айтылған технологиялар қойылады. Біз 21 ғасырда өмір сүріп жатырмыз. Бұл – жаңа технологиялар ғасыры. Біз әлем көшінен қалмай, Қазақстан атынан отандық су тегі генераторын көрсетеміз. Аталмыш халықаралық көрмеде Германияның «Мерседес» компаниясы, Жапонияның «Тойотасы» осыған ұқсас өз өнімдерін қояды. Ал біздің отандық өнім олармен бәсекеге түсе алады. Сондықтан біз үшін осындай өнімдерді шығару өте маңызды», - деп түйіндеді сөзін Диас Оралов.

0 пікір
Мұрағат