Қазақстандық халал өнім өндірушілерді Aladdin платформасына шақырып жатыр
Қазақстандық халал өнім өндірушілерді Aladdin платформасына шақырып жатыр
4 жыл бұрын 2908 Материалды көшіріп басқан кезде islam.kz порталына гиперсілтеме берілуі міндетті. Алғашқы сөйлемнен кейін қойылуы тиіс сілтеме

Қазақстандық өнім өндірушілер шариғат талаптарына сай өнімдерге мамандандырылған малайзиялық Aladdin Group электронды сауда алаңына шыға алады. Бұл жайында islam.kz порталы QazTrade сауда-саттық саясатын дамыту орталығына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Осы жылдың ақпан айында оңтүстік-шығыс Азияда орын тепкен аталған мұсылман елдегі Қазақстан Республикасының елшілігі Aladdin компаниясы мен ҚР Сауда және интеграция министрлігі арасында конференция ұйымдастырған еді. Тараптар электронды коммерция саласындағы өзара байланыс пен әрекетті, Aladdin поатформасы арқылы халал өнімдер саудасын, сондай-ақ, қазақстандық компаниялардың оңтүстік-шығыс Азия нарығына, ал малайзиялық компаниялардың Еуроазиялық экономикалық ынтымақтастық нарығына және Орта азия нарығына шығу мүмкіндіктері талқыланған болатын. Осынау жиында өзара тиімді әрі пайдалы ынтымақтастық орнатуға келісімге келген еді. Соның ішінде, тараптар оңтүстік-шығыс Азия нарығына шығатын қазақстандық компаниялар тізімін әзірлеу, Aladdin платформасын «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркеу жөнінде келісімге келіп, Aladdin компаниясы мен сауда министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ал наурыз айында ҚР сауда және интеграция министрлігі мен Aladdin Group арасында халал өнімдер экспортын арттыруға әрі электронды коммерцияны дамытуға қатысты ынтымақтастық меморандумын бекітті. QazTrade келтірген дерекке қарағанда, ғаламдық халал өнімдер нарығы жылына 2,3 трлн долларға бағаланып отыр, шариғат талаптарына сай дайындалған өнімдер мен көрсетілетін қызметтер әлемдегі 1,6 млрд мұсылманның сұранысы мен қажеттілігін қанағаттандырып отыр. Бұл сегменттегі азық-түлік үлесі шамамен 67%-ға жеткен.

Қосымша мәлімет:

Aladdin компаниясы 2016 жылы құрылған әрі әлемдегі алғашқы халал өнімдерге бағдарланған электронды сауда алаңы болып табылады. Aladdin әлем бойынша 1,45 млрд адамға қызмет көрсете отырып, оларға тұтынушылық сегментке жол ашып, әлемнің 40-тан аса елінде стратегиялық ынтымақтастық негізінде тауарлар мен қызметтерді жеткізу тізбегіне қатысты күрделі проблемаларды шешіп келеді. Аталмыш компания, бұдан бөлек, қатысушы компанияларға бейініне қарай дербес маркетингті енгізе отырып, өнімдері мен қызметін платформа арқылы әлеуетті тұтынушыларға ұсынады.

0 пікір
Мұрағат