Қазақстандық ғалым қуат үнемдейтін батарея жасап шығарды (видео)
Қазақстандық ғалым қуат үнемдейтін батарея жасап шығарды (видео)
9 жыл бұрын 3541

Қазақстандық ғалым Жұмабай Бәкенов қуат үнемдейтін батарея жасап шығарды. Бұл – оның Назарбаев Университетінде қолға алған алғашқы жобасы. Бұл – қалта түбін қақпайтын әрі үнемдеуде таптырмас өнім. Қазақстандық профессор Жұмабай Бәкеновтің ұзақ жылғы жұмысының жемісі. Жоба Дүниежүзілік банктің грантына ие болған. Ал ғалымның ғылыми мақалалары Thomson reuters халықаралық рейтингінде үздік жазбалардың қатарында көш бастап тұр. Жұмабай Бәкенов, Назарбаев Университеті инженерлік мектептің профессоры: - Бұл батареяның қазіргі уақытта қолданыста жүргендерге қарағанда мүмкіндігі әлдеқайда көп. Теориялық тұрғыдан алып қарағанда, мәселен, қазіргі смартфондардың батареясына қарағанда 10 есе артық жұмыс істейді және қуатты ұзақ сақтай алады. Ұялы телефондарға арналған батарея бұл үлкен жобалардың бастауы ғана. Ғылыми топтың келешекте көздеген көкжиегі бөлек.  Жұмабай Бәкенов, Назарбаев Университеті инженерлік мектептің профессоры: - Қазақстанда алғашқылардың бірі болып электромобиль құрастырған Таир Балабаевпен тығыз қарым-қатынастамыз. Енді көліктерге арналған арнайы үнемдегіш батарея жасағымыз келеді. Пилоттық жобадағы батареялар бүгінде сатылымға түсті. Келесі қадам – электромобильдерге арналған батарея саудасын бір ізге салу. Бірақ ол үшін өнертапқыштарға 3-10 млн доллар көлемінде қаржы қажет. Қыруар ақшаны ғалымдар инвестициялық конкурстарға қатысып, ұтпақ ниетте. Ғылыми топта бұл күні 11 маман еңбектенуде. Олардың қатарында Назарбаев Университетінің студенттері де бар.  Энн Лонсдейл, Назарбаев Университетінің проректоры: - Біздің алға қойған мақсатымыз – халықаралық деңгейдегі зерттеу университеті атағын алу. Қазіргі уақытта зертханаларымыз заманауи құрылғылармен жарақтандырылған. Студенттерді оқуға қабылдағаннан бастап ғылыми жұмыстарға тартамыз. Қуат үнемдейтін аккумулятор 2017 жылы ЕХРО көрмесінде көпшілік назарына ұсынылмақ. Оқу ордасында бұл күні 140-тан астам жоба қолға алынған. Ғалымдар Америка, Ұлыбритания, Австралия және Қытайдағы әріптестерімен де тығыз байланыста.

1 пікір
Мұрағат