Қазақстандық әйелдерді жатыр мойны ісігіне тегін қаралуға шақыруда
|
Қазақстандық әйелдерді жатыр мойны ісігіне тегін медициналық қаралу мүмкіндігі беріліп отыр, деп хабарлады Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты.
Институттың хабарлауынша, 2017 жылдың 23-29 қаңтары аралығында Қазақстанда жатыр мойны ісігі туралы мәліметтер беру апталығы өтеді.
«2017 жылы 28 қаңтарда Қазақстанда жатыр мойны ісігі туралы мәліметтер беру апталығы аясында пап-сынақтарды алу мақсатында гинекологиялық тексерістер жүргізіледі. Сынақ ниет танытқан барлық азаматшаларға тегін жүргізіледі. Бұл күндері еліміздің барлық онкологиялық диспансерлерінде ашық есік күндері өтеді, онда қыз-келіншектер гинеколог-онкологтар тегін кеңестер ала алады. Алматыда ашық есік күні 28 қаңтарда 9.00-ден 14.00-ге дейінгі уақытта Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтын (Абай даңғылының Шағабутдинов көшесімен қиылысында) және Алматы онкологиялық диспансерінде (Өтепов көшесінің Гагарин көшесімен қиылысында) өтеді. Астанада Манас көшесі, 17-үйде орналасқан Қалалық онкологиялық орталықта қабылдау болады. өңірлердегі онкологиялық диспансерлердің мекенжайын тұрғылықты жері бойынша емханаларда сұрап біле аласыздар», - делінген Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының хабарламасында.
Онкологиялық институттың мәліметтерінше, 30-60 жас аралығындағы қазақстандық әйелдер бес жылда бір рет жергілікті емханаларында тегін скринингтен өте алады.
«Пап-сынақ жатыр мойны ісігін алдын алудың ең тиімді әдісі. Осы әдістің негізінде дамыған елдерде жатыр мойны ісігінен көз жұматын әйелдердің санын есеге дейін қысқарта алды», - деп атап өтеді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Диляра Қайдарова.
Дегенмен әлемде әйелдер арасында қатерлі ісіктен көз жұматындардың жалпы санында, жатыр мойны ісігі кесірінен бақилық болатындардың үлес саны өте көп. Бұл дерт әдетте 30-40 жастағы және одан да ересек әйелдерде жиі кездеседі. 2015 жылы Қазақстанда 1 826 әйелден жатыр мойны ісігі анықталды. 600 келіншек осы аурудан көз жұмды. Осы дертке шалдыққандардың саны 11 578 адамды құрап отыр.