Қазақстандағы аңшылардың саны 150 мыңнан асты
|
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Алматы облысы аграриилерімен болып өткен есептік кездесуде еліміздегі аңшылық шаруашылығына қатысты бірқатар статистикалық мәліметтерді жариялады.
Министрдің хабарлауынша, Қазақстанда аңшылық шаруашылықтарына 105,7 млн.га (49,5%) аңшылық алқаптар бекітілген. Республикада 690-ға жуық аңшылық шаруашылығы жұмыс істейді, онда қорықшылар саны 2627 адамды құрайды және қорғауға 2200-ге жуық автокөлік тартылған.
Сондай-ақ, ол аңшылар қауымының былтырғы жылғы белсенділігі көрсеткішін тізбектеді.
«2015 жылдың аң аулау маусымында республика бойынша 150430 аңшы тіркелді, оның аң аулауға 86 158 аңшысы қатысты», - деп атап өтті А.Мырзахметов.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін өткен жылғы төлемдер түсімі жалпы республика бойынша 132886,9 мың теңгені құрағанын жеткізді. Оның ішінде шетелдіктердің аң аулауы бойынша - 31,5 млн.теңге түсім түскен.
«Аңшылық шаруашылығы ұйымдарының қорықшылық қызметі аң аулау қағидасының 547 бұзушылығын анықтады. Біз ағымдағы жылы осындай теріс әрекеттердің алдын алу бағытында жұмыс жасаудамыз», - деп түйіндеді А.Мырзахметов.