ҚАЗАҚСТАНДА ВАНДАЛИЗМ ҮШІН ЖАЗА ҚАТАЙТЫЛАДЫ
ҚАЗАҚСТАНДА ВАНДАЛИЗМ ҮШІН ЖАЗА ҚАТАЙТЫЛАДЫ
1 жыл бұрын 1203 24.kz Қуандық Танабас, Мейрам Жүнісов, Арман Ақшабаев

Елімізде қоғамдық орындардағы мүлікті қасақана бүлдіру оқиғалары жиілеген. Бұл туралы Хабар24 ақпарат көзі хабарлайды. 

Бұзақылар аялдама тұрағы, демалыс орындары секілді инфрақұрылым нысандарын қиратқан. Бүлінген нысандардың ішінде ескерткіштер мен архитектуралық композициялар да бар. Жыл басынан бері елімізде осы тектес мыңға тарта жағдай тіркеліп отыр.

Бұл ішкі істер органдарының бейнебақылау камераларына түсіп қалған бұзақылық әрекеттер. Көше шамдары, аялдама тұрағы, басқа да қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіргендердің түр-тұлғасы анықталып, оларды жауапқа тарту шаралары жүргізілді. Қоғамдық орында ойына келгенді істеп, ақылға қонымсыз әрекет жасағандарға бұдан былай қатаң жаза қолданылады. 

Алмасхан Садыханов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының аға инспекторы:20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға, яғни, 69 мың теңгеге. Немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау көзделген. Егер де азамат осындай әрекеттерді бір жылдың ішінде қайталайтын болса, ол 15 тәуліктен 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алып келуі мүмкін. 

Вандалдық әрекеттен ерекше қорғалатын нысандарда да зардап шегуде. Тарихи ескерткіштерді қирату, архитектуралық композицияларды бүлдіру сияқты деректер әсіресе өңірлерде өршіп тұр. 

Жанат Сейдаллиева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті басқармасының басшысы:Ескерткіштер өте шалғайда орналасқан. Бізде музей қорықтарында 67 мың гектардан астам жерлер бар. 67 мың гектардагы ескерткіштерде вандализмді болдырмайын деп күнде шапкылап жүру мүмкін емес. Юнесконың ұсынысы бойынша – территорияны қоршап алындар, ондай жағдайларды азайту үшін деген ұсынысын ескере отырып, соны негізге ала отырып, сондай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қоғамдық мүлікті қасақана қиратып, бүлдіріп, сындырып жатқандардың кесірінен мемлекетке орасан шығын келуде. Жалпы жыл басынан бері қоғамдық тәртіпті бұзудың 10 мыңдай дерегі тіркелген. Құқық қорғау органдарының осы бағыттағы осал жұмысын сынға алған Президент заңнаманы дереу қатаңдатуды тапсырды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті: - Вандализм, кейбір азаматтарымыздың тәртіпсіздігі, мәдениетсіздігі, неше түрлі тұрмыстық жанжалдар еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіреді. Біздің негізгі мақсатымыз – заңды қатаң сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету.

Қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында тұрғын үй аумақтарында, ойын-сауық орталықтарында басқа да қоғамдық орындарда бейнебақылау камераларын көбейту жоспарларын отыр. 

Қуандық Танабас, тілші: - Еліміздегі әрбір екінші заңбұзушылық жедел басқару орталықтарындағы бейнебақылау камераларының көмегімен анықталады. Қазірдің өзінде Елордада 30 мыңға жуық бейнебақылау камералары болса, алдағы екі жылда оның санын тағы 10 мыңға арттыру жоспарлануда. 

Сүйікті қаланың сиқын қашырмауға кез-келген азамат қолұшын бере алады. Астаналық жастар бұл бағытта «Тоқта, вандал!» шарасын қолға алған. Басты мақсат – бос жүрген жастарды әлеуметтендіру, туған қалаға құрметпен қарауды үйрету.  

Әл-Фараби Аймақ, «Астана жастары» орталығының қызметкері: - Мынандай бір сөз қалыптасқан need жастары деген. Яғни, бұл ешқандай жерде жұмыс жасамайтын, оқымайтын, ештеңемен айналыспайтын жастар бір сөзбен айтқанда. Маргиналды жастар. Көбінесе вандализм соларға тән нәрсе. Осы need жастарына байланысты түрлі жобаларымыз бар. Оларды бастысы әлеуметтендіру ғой мақсаты. 

Қоршаған ортаға құрмет таныту адамның таным-түсігі мен әдебі, ішкі мәдениетіне байланысты. Түптеп келгенде, отаншылдық та өз еліңе, өз жеріңе сыйластықтықтан, жанашырлықтан басталары анық.  

 

0 пікір
Мұрағат