Қазақстанда тыныштық режимін сақтау уақыты өзгертілді
Қазақстанда тыныштық режимін сақтау уақыты өзгертілді
4 жыл бұрын 5826

Павлодар облысының Полиция департаментінде өткен онлайн-брифингте Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер туралы айтылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодарда өткен онлайн-брифингте басқарма бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі бекіткен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер туралы айтты.

– Егер бұрын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте тыныштық уақыты түнгі 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін белгіленген болса, онда жұмыс күндері мен демалыс күндеріне бөліну болмаған. ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабының жаңа редакциясында түнгі 22:00-ден 9:00-ге дейін тыныштық режимін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, демалыс және мереке күндері тұрғын үйлерде және тұрғын аудандарда орналасқан ойын-сауық мекемелерінде тыныштық режимі 23.00-ден 10.00-ге дейін белгіленген, – деді Жасқайрат Қайыров.

Осы бапты бұзу жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде, шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК, орта бизнес үшін – 30 АЕК, ірі бизнес субъектілері үшін – 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды қарастырады.

Сонымен қатар, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған әрекет ірі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады: жеке тұлғаларға – 10, шағын бизнес немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 40, орташа бизнес үшін – 60, кәсіпкерлік – 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. ‌Айта кету керек, 2020 жылдың басынан бері полиция тыныштықты бұзған 1909 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

0 пікір
Мұрағат