Қазақстанда туберкулезге шалдыққан 68 адам дәрігерлерге ұстатпай жүр
Қазақстанда туберкулезге шалдыққан 68 адам дәрігерлерге ұстатпай жүр
8 жыл бұрын 3608 Informburo.kz 24.kz nebolet.com

Дәрігерлер осыған дейін жұқпалы туберкулез түрімен ауыратын 259 науқасты мәжбүрлі түрде диспансерге жатқызып, емдеу шараларын жүргізген. Осылайша, аурудың кең таралуына жол берілмепті. Десек те, өкпе құртына шалдыққан тағы 68 адам емделуден бас тартып, қашып жүрген көрінеді. Мұндай мәлімет ҚР Бас прокуратурасының медициналық мекемелерді тексеруінен кейін анықталған.

"Науқастардың мерзімді емделуден бас тартып, қашып жүргені анықталды. Бұл өз кезегінде дерттің асқынуына алып келеді және емделуі қиындай түседі. Инфекцияның ауа арқылы тарайтыны жағдайды одан сайын асқындырып отыр. Тексеру барысында туберкулездің жұқпалы түріне шалдыққан 327 адамның бостандықта еркін жүргені анықталды. Олар қоғамнан оқшауланып емделуі тиіс. Қолға алынған шаралардың барысында 259 науқас ауруханаға жатқызылды. Қалғандары іздестірілуде", - делінген ҚР Бас прокуратурасы таратқан хабарда.

Денсаулық сақтау саласы мамандарының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, соңғы 10 жылда Қазақстанда туберкулезбен ауыратындар саны 54,9 пайызға азайыпты, ал, осы аурудан көз жұматындар саны 77,4 пайызға қысқарған. Алайда, прокурорлық тексерулер бұл көрсеткіштердің бұрмаланғанын анықтады. Өйткені, алдын алу шаралары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Ал, медициналық қызмет түрлері өте сапасыз.

Қазақстанда соңғы 10 жылда туберкулез ауруына шалдыққандар саны 54,9%-ға азайған (видео)

Прокуратура органдары медициналық ұйымдар мен мекемелердің туберкулез профилактикасы бойынша шараларды іске асыруына тексеріс жүргізді. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайды. Денсаулық сақтаудың статистикалық деректері бойынша кейінгі 10 жылда Қазақстандағы туберкулез ауруы көрсеткіші 54,9%-ға, ал өлім көрсеткіші 77,4%-ға төмендеген. Сонымен қатар, тексеру барысында статистика ақпаратын бұрмалау, профилактикалық іс-шаралардың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы, сапасыз дәрігерлік қызмет көрсету, науқастарды еркінен тыс емдеу шараларын қамтамасыз етпеу сияқты бірқатар олқылық анықталды. Мысалы, Алматы облысы Талғар ауданының Орталық емханасында тексеру күні 78 емделушінің флюорографиясы оң нәтиже көрсеткенімен, толықтай тексерілмегені анықталды. Ал Қостанай облысы Әулиекөл ауданының орталық емханасына туберкулезге тексеруден өтуі қажет белгілерімен «О» бес айы бойы бірнеше рет қаралуға келген (2015 жылғы 28 мамыр, 8 тамыз және 14 қазан). Соған қарамастан, дәрігерлер ауруға сақтықпен қарамай, нәтижесінде 22 қазанда ол туберкулезге қарсы ауруханаға жатқызылып, 4 қүннен кейін туберкулез ауруының асқынғандығынан жан тапсырған. Осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жалпы тексеру нәтижесінде туберкулез ауруына шалдығу күдігі бар адамдардың тексеруі уақытылы жүргізілмеген, толық тексерілмегені бойынша 1028 дерек анықталды. Көрсетілген факторлар сау адамдарға тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар, туберкулездің таралмауы сол ауруға шалдыққан адамдардың жауапкершілігіне де байланысты. Тексеру барысында науқастардың емделуден бас тарту фактілері анықталған, бұл жағдай аурудың ауа арқылы таралу қаупі бар қиын емделу түріне айналуына септігін тигізеді. Түпкілікті тексеру бойынша шығарылған нәтиже бойынша емделуден бас тартып, оңашалауды қажет ететін, елді мекендерде жүріп, басқа адамдарға ауруын жұқтыру қаупін төндіріп жүрген 327 науқас анықталды. Қолданылған шаралармен 259 науқас емделуге қайтарылды, қалғандары іздестірілуде. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі заңбұзушылықты және оның себептерін жою туралы енгізілген ұсынысты қарау нәтижесінде профилактикалық жұмыстағы немқұрайлықты болдырмай, халықтың денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, науқас адамдардың емделуден бас тартуы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы және сот арқылы еркінен тыс шаралар қолданылуы мүмкін екенін еске сала отырып, барлық азаматтарды өзінің және өзге адамдардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

 

0 пікір
Мұрағат