Қазақстанда сотсыз шешуге болатын мәселелер үшін «Татуласу орталықтары» ашылмақ
Қазақстанда сотсыз шешуге болатын мәселелер үшін «Татуласу орталықтары» ашылмақ
7 жыл бұрын 3353 Марья Айдарбаева

Еліміздегі даукестік деңгейін төмендету мақсатында «Татуласу орталықтары» ашылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Сағатбек Сүлейменнің айтуынша, қоғамда туындайтын даулы мәселелердің көпшілігін сотқа жүгінбей-ақ татуластықпен шешуге болады. Заң бойынша оларды шешудің балама әдістеріне медиация, партисипатив (адвокаттар жүргізетін келісім рәсімі) жатады. Сондықтан, Жоғарғы сот бастамасымен «Татуласу орталықтарын» ашу жобасы қолға алынған.

«Біздің елде жыл сайын сотка түскен істер саны еселеп өсіп келеді. 2013 жылмен салыстырғанда, 2017 жылы сотқа тіскен істер мен арыздар саны екі есе өскен. Өңірлер бойынша да екі көбейіп отыр», - деді Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі.

Сондай-ақ, ол Қазақстан халқының үштен бірі соттың айналасында жүр деп өтті. Оның ішінде өңірлердегі статистикалық мәліметтер бойынша, ОҚО-да адам саны 2-3 есе көп болса да басқа өңірлерге қарағанда даукестік деңгейі әлдеқайда төмен. Даукестік деңгейі Қарағанды облысында – 3%, Астанада – 7,2%, Қостанайда – 7,5% және Алматыда тіпті - 9% жетіп отыр.

Жоғарғы Сот өкілінің мәліметіне сүйенсек, кейбір Еуропа елдерімен салыстырғанда біздің елде сотқа жүгіну деңгейі айтарлықтай жоғары. Ал, оларда істердің басым көпшілігі, 80-90% татуласу рәсімдерімен шешіледі.

Оның айтуынша, 2017 жылы 900 мың азаматтық істер қаралған болса, солардың 542 мыңға жуығы татуласуға болатын істер. Сотсыз татуласуға болатын істердің бар болғаны 5,5% медиацияны, 0,1% партисипативтің рәсімдерімен шешіледі.

«Татуласу орталықтарына» жүгінген екі тарапқа медиатор, адвокат, нотариус, психолог мамандар, ардагерлер кеңесінің өкілдері, азаматтарға арналға үкімет өкілдері көмек көрсететін болады. Енді біз осындай орталықтар ашпақшымыз. Кәсіподақтармен келісіп, меморандумдарға қол қойдық. Осылайша бүкіл өңірдерде осындай орталықтар ашып, халыққа жүйелі түрде кешенді қыхзмет көрсетпекшіміз. Халықпен татуласу рәсімдері туралы кешенді жұмыстар жүргізілмейді, адамдар дауды бітіммен шешу тәсілдерін білмейді», - деді Сағатбек Сүлеймен.

Қазір бұл атылмыш жоба пилоттық режимде Қызылорда облысында және Астана қаласының Сарыарқа ауданындық сотында жүзеге асырылуда. Осы жылдың 14 наурызынан бері татуласу рәсімдерін жүргізетін судьларға түскен істердің 19% медиациялық келісімге келумен аяқталған.

0 пікір
Мұрағат