Қазақстанда снайперлік қаруларға тыйым салынады - ІІМ
|
Қазақстан аумағында ұзын оқпанды иір ойықты дәлдігі мықты қарулар айналымына тыйым салынады. Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизм және терроризм мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.
«Аталмыш заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында иір ойықты ұзын оқпанды оқ ататын қаруларға және 330-ден жоғары ірі калибрлі патрондар айналымына тыйым салынады. Біздің ойымызша, Қазақстан аумағында бұндай қару-жарақты аңшылардың қызығушылығы үшін қолдануға болады деуге еш негіз жоқ. Мың метрден астам жердегі нысананы көздеп ату кезіндегі осындай санатқа жататын қарудан атылған мылтықтың патроны дәл әрі өлімге соқтыратын қирату күші де зор екені белгілі. Бұлардың барлығы снайперлік атуларда қолданылады. Сондықтан, да, террористердің мемлекет қайраткерлеріне қарсы қолдану және террористік акті әрекеттері барысында бұндай қаруды қолдану мүмкіндігін болдырмау үшін ондай санаттағы қаруларды қолдану мен айналымына тыйым салынуы керек», деді заң жобасын таныстырған ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов.
Оның айтуынша, сонымен бірге заң жобасында аңшылық ату қаруларын бір адамға он бірліктен төрт қаруға дейін шектеу көзделіп отыр.
Еске сала кетейік, заң жобасы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген.
«Менің ойымша, бір қолға төрттен артық қару ұстаудың аңшылар үшін де қажеті шамалы. Аңшылық қызығушылықтар үшін он қару асынудың жөні жоқ. Террористердің өзі 1 300-ге тарта қаруды аңшылардан иеленген. Сондықтан да бұндай шектеулер халық арасындағы қару санын азайтады деп ойлаймын», деді Рашид Жақыпов.