Қазақстанда синофобия күшейді ме?
Қазақстанда синофобия күшейді ме?
6 жыл бұрын 4935 azattyq.org Мәншүк Асаутай

Сарапшылар Қазақстанда Қытайдан келетін жұмысшылардан қауіптену тенденциясы қалыптасқанын айтады. Ал кәсіпкердің ойынша, қытайлармен бірігіп жұмыс істеудің еш қаупі жоқ.

Орталық Азиядағы миграция мәселесі бойынша халықаралық сарапшы Елена Садовская Қазақстанға келетін қытай жұмысшылары тақырыбын зерттеп жүр. Ол өткен аптада Алматыда өткен ашық дәрісінде Қазақстандағы Қытайдың еңбек және бизнес миграциясы туралы айтты.

Сарапшының зерттеуінше, Қазақстан билігі Қытайдан келетін жұмысшыларды елге 1993 жылдан бастап кіргізе бастаған. Садовская Қытайдан келетін жұмысшылар Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Астана қалаларында қызмет ететінін айтады.

- 2008 жылы Қазақстанда жұмыс істейтін қытайлар саны он мың, 2012 жылы 13 мыңнан аса болған. Ал 2017 жылғы дерек бойынша тоғыз мыңнан аса қытай ресми рұқсат алып, осында жұмыс істейді. Қазақстандағы шетелдік жұмыс күші арасында Қытайдан келген еңбек миграциясының үлесі бүгінде 38-40 пайызды құрайды, - дейді ол.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы миграция мәселесі бойынша халықаралық эксперт Елена Садовская. Алматы, 20 сәуір 2018 жыл.
Қазақстан мен Орталық Азиядағы миграция мәселесі бойынша халықаралық эксперт Елена Садовская. Алматы, 20 сәуір 2018 жыл.

Елена Садовская Қазақстанда жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттарының арасында Қытай азаматтарының үлесі неліктен көп екенін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, Қазақстандағы еңбек миграциясының үлесі статистикасына ресейлік жұмысшылар толық енбеген.

- Қазақстан статистика комитетінің 2017 жылғы наурыздағы дерегі бойынша елде жеті мыңдай ресейлік, 985 Қытай компаниясы бар. Компаниялар еңбек миграциясына жатпайды. Олар – бизнес миграция. Бизнес миграция мен еңбек миграциясын шатастырмауымыз керек. Тоғыз мың қытай жұмысшысы - жалданып жұмыс істейтін еңбек миграциясы. Қазақстанда сегіз миллион еңбек күші бар. Тоғыз мың Қытай азаматы Қазақстандағы сегіз миллион еңбек күшіне шаққанда аса көп емес. Қазақстанда ресейлік еңбек мигранттары да көп. Бірақ олар көп жағдайда еңбек мигранттарының статистикасына енбей қалады. Себебі Еуразиялық экономикалық одаққа енетін елдердің (Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения-ред.) азаматтары Қазақстанда тіркелмей-ақ жұмыс істей беруіне құқылы, - дейді сарапшы.

ФОБИЯ

Миграция саласы бойынша сарапшы Елена Садовская 2007 және 2012 жылы Қазақстанда арнайы сауалнама жүргізіп, қоғамның Қытайдан келетін мигранттарға деген көзқарасын білген. Оның айтуынша, Қазақстанда Қытайдан келетін еңбек мигранттарына деген көзқарас нашарлаған.

- 2007 жылы «Қытай мигранттарына деген көзқарасым жаман» деушілер 18 пайыз болса, 2012 жылы 33 пайызды құраған. Жоңғар шапқыншылығы мен Цинь әскерінің қанды қырғыны сияқты оқиғалар, әсіресе, қазақ халқының есінде мәңгі қалған. Сол ұжымдық жады мен Қытай жайлы ақпараттың аздығы Қытайға деген фобияға әкеліп жатыр, - дейді маман.

Саясаттанушы Дос Көшім де Қазақстанда синофобияның бар екенін және оның өршіп келе жатқанын айтады.

Саясаттанушы Дос Көшім.
Саясаттанушы Дос Көшім.

- Бұл 2016 жылғы жер мәселесінде көзге түсті. Себебі көбісі “жерді сатпаймыз” дегеннің орнына “жерді Қытайға сатпаймыз” деді. Соңғы уақытта Қытаймен Қазақстан арасындағы виза алу қатаңдатылды. Қытайдан келіп Қазақстан азаматтығын алып, қайта барғандар ұсталып жатқанын да білеміз. Соңғы бір жыл ішінде көршімізбен арамыз алшақтай түсті, - дейді қазақстандық саясаттанушы.

Дәріске келгендердің кейбірі Қазақстандағы Қытайға деген негативті көзқарастың қалыптасуын сол жақтағы қазақтардың жағдайымен байланыстырады.

- Қытайдың Шыңжаңында қазір төтенше жағдай қалыптасқан. Ақпараттың шыққанына біраз болды. Ондағы қазақтар қысымға ұшырап, азапталып жатыр деп айтады. Бұл - Қазақстандағы Қытайға деген фобияның күшеюіне бір себеп, - дейді Ғалым есімді дәріс тыңдаушы.

Дәріске қатысқан Азамат есімді кәсіпкер Қытай азаматымен бірлесіп компания ашқанын айтады. Оның сөзінше, егер Қазақстан заңдары жұмыс істесе біреуден қорқуға еш негіз жоқ.

- Егер Қазақстанның миграциясы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі сияқты органдар тиісті жұмыс істесе қорқудың қажеті жоқ. Қытайдан үйренеріміз көп. Бастысы – тәртіп. Мен Қытайға деген фобияның тұп-тамырын білгім келеді. Мүмкін оның бір себебі – Қазақстандағы Ресей ақпарат құралдарының ықпалы болар, - дейді ол.

«ҚЫТАЙ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІРІ ҚАРЖЫЛЫҚ ДОНОРЫ»

Елена Садовскаяның сөзінше, Қытай – Қазақстан үшін саудадағы және экономикадағы ең ірі серіктес. Қазақстанның Ұлттық банкінің мәліметіне сүйген сарапшы Қытайдың Қазақстанға құйған жалпы инвестициясы 15 миллиард долларды құрайтынын айтады.

Қытай ешқашан демократизация және адам құқығының сақталуы сияқты саяси шарт қоймайды.

- Қазір Қытай - Қазақстанның ірі қаржылық доноры және инфраструктураны дамытудағы инвесторы. Маңызды сауда-экономикалық серіктестік әрі жұмыс күшінің көзі. Бірақ Қытай ешқашан демократизация және адам құқығының сақталуы сияқты саяси шарт қоймайды. Қытай Қазақстан мен Орталық Азияның табиғи ресурстарына мұқтаж. Аймақтың транзитті әл-ауқатына қызығады. Аймақтағы нарыққа тауарларын өткізіп, Қазақстанды «қауіпсіз тыл» деп біледі, - дейді маман.

2016 жылы көктемде Қазақстанда өткен жаппай жер митингінде наразылардың көбі «шетелдіктерге жер сататын заң қабылданса Қазақстандағы жерлердің көбін қытайлар сатып алады» деген қауіптерін ашық жеткізген. 2016 жылы Атырауда жер митингісін ұйымдастырды деп айыпталған Макс Боқаев пен Талғат Аянның сотында Ауыл шаруашылық митинстрлігінің өкілдері «жерді Қытайға немесе қытай компанияларына, азаматтарына сату жоспары» болмағанын айтқан.

0 пікір
Мұрағат