Қазақстанда қант диабеті індетке айналды
Қазақстанда қант диабеті індетке айналды
6 жыл бұрын 3207 Abai.kz Әділбек Қаба

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа депутаттық сауалын жолдаған сенатор Динар Нөкетаева осылай деді

Сенатордың депутаттық сауалына қант диабетінің 1-түріне шалдыққан балалардың ата-аналарының жанайқайы негіз болып отыр.

Бұл кесел тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің төрт бұрышында миллиондаған адамдардың өмірін мезгілінен бұрын қиып кетіп жатыр. Осы орайда сенатор дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бүгінде бүкіл әлемде 422 миллион адам диабеттен зардап шексе, 2016 жылы 1,6 миллион өлім оқиғасы диабетпен тікелей байланысты екенін, өлім-жітім себептерінің арасында жетінші орынға ие болғаны туралы мәлімет берді. «Әлемде әр 500-ші сәби мен әр 200-ші жасөспірім қант диабетімен ауырады екен. Алаңдататыны, бұл көрсеткіш таяу жылдары 70 пайызға көбеюі де мүмкін. Диабет соқырлық, бүйрек жеткіліксіздігі, инфаркт, инсульт және аяқ-қолдың ампутациясының негізгі себептерінің бірі болып табылады. Зерттеулерге сәйкес, тікелей және жанама шығындарды қоса алғанда, диабеттен бүкіл әлемдегі ЖІӨ-нің шығындары 2011 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңде 1,7 трлн. АҚШ долларын құрайды», - деді Д. Нөкетаева.

Жыл санап қазақстандықтар арасында да дендеп бара жатқан осы індеттің алдын алу мен оны емдеуді ұйымдастыруға қатысты сенатордың депутаттық сауалының толық мәтіні төмендегідей:

- Елімізде 2018 жылдың қазан айына диспансерлік есепте тұрған қант диабетімен ауыратын науқастардың саны 326 449 адамды құрағанымен, науқастардың нақты саны ресми көрсеткіштерден айтарлықтай асып түседі. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, қазақстандықтардың көпшілігі қандағы қант деңгейін бақылауға ерекше мән бермейді, денсаулық жағдайына немқұрайлы қарайды, соның салдарынан өз сырқаты туралы кеш біліп жатады. Халықаралық диабет қауымдастығының мәліметтері бойынша, Қазақстанда 700 мыңға жуық қант диабетімен ауыратын науқас бар, және қант диабеті елімізде індет сипатына ие болған.

Қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналары соңғы бірнеше жыл ішінде жалпы алғанда мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау министрлігі тарапынан немқұрайлылық қарым-қатынасты өкінішпен айтып отыр. Аталмыш мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында да кеңінен көтерілуде. Мәселен, тек «Егемен Қазақстан» газетінде аталған жағдайлар бойынша бірнеше мақалалар шығып, Алматы қаласында қант диабетінің 1-түріне шалдыққан балалардың ата-аналарының қатысуымен бірнеше баспасөз конференциялары болып өтті.

Оларды мазалайтын ең басты мәселе – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 367 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» нормативтік құқықтық актісінің жобасы болып отыр. Жобаға сәйкес қант диабеті жаңа динамикалық бақылауға алынатын сырқаттар тізбесіне енгізу сылтауымен, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынып тасталмақ. Нормативтік құқықтық актінің жобасы жарияланған сәттен бастап әлеуметтік желілерде адамдар өздерінің наразылығын білдіруде. Осы мәселе өзіңіздің Алматы қаласына іс-сапармен барып баспасөз мәслихатын өткізген кезде де көтерілген болатын.

Ата-аналардың айтуынша, қазірдің өзінде диабеттік қамтамасыз ету, бірінші кезекте дәрі-дәрмектермен 100%-ға қамтылмаған. Инсулиндермен қамтудың үзілуі, балалар шприцтерінің болмауы, сапасыз глюкометрлермен, балаларды инсулинді помпалармен және оларға шығын материалдарымен қамтамасыз етілуінің оқылықтары орын алып отыр. Диабетті басқару дағдыларына оқыту бойынша диабет мектептерінің болмауы, диабетология саласындағы білікті дәрігерлер мен мамандардың жетіспеушілігі және т. б.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылдың 11 желтоқсанындағы № 935 бұйрығына сәйкес «Глюкаген гипокит» препараты кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізімінен алынып тасталған. Ата-аналар білікті отандық эндокринолог-мамандардың дәлелді уәждерін алға тарта отырып, аталған дәріні тізімге қайтаруды талап етуде.

Республикада шипажайлық-курорттық емдеу арқылы аталған пациенттерді оңалту мүмкіндігі жоқ. Елімізде балаларға арналған бейінді санаторийлер қалған жоқ.

Еліміздің барлық өңірлерінде жоғарыда көрсетілген диагнозы бар балалардың мектепке дейінгі білім беруге байланысты күрделі жағдай қалыптасты. Мемлекеттік және жеке меншік мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің (бала-бақшалар) басшылары қант диабеті бар балаларды қабылдамайды. Көптеген жағдайларда мұндай бас тартулар баланың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілікті өзіне алуға ниет білдірмеуі және аталған аурудың ерекшелігі туралы мектепке дейінгі мекемелердің медицина қызметкерлерін ақпараттандырудың төмендігіне негізделген. Осылайша, осы диагнозы бар балалардың дене бітімі мен психоэмоциялық дамудағы өз жасына толық барабар болуына қарамастан, дені сау құрдастарымен бірге әлеуметтену мүмкіндігінен айырылуда.

Сондай-ақ, медициналық тексерулердің мерзімі үлкен алаңдаушылық туғызуда. Эндокринологтың жылына бірақ рет тексеруі қант диабеті асқынуының апатты өсуіне әкеледі. Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі уақытта бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлері және орта медицина қызметкері арасында диабеттің қантты төмендететін терапиясы туралы білім деңгейі және осындай қауіпті ауруды басқару әдістері төмен деңгейде.

Бұл мәселеде шетелдіктердің оң тәжірибесі, бала диабетпен ауырған жағдайда мамандар үштігінің көмекке келуі болып табылады. Олар медик-психолог, диетолог және эндокринолог мамандардан құралған. Елімізде мұның барлығы бір эндокринолог дәрігердің мойнына артылып отыр.

Сенатор Д.Нөкетаева жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, 1-типтегі қант диабетіне шалдыққан балалардың ата-аналар қауымымен және Қазақстан Республикасы диабеттік оқу-ағарту қорымен бірлесе отырып Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне мынандай ұсыныс-талап қойды:

Бірінші, қант диабеті бойынша ұлттық жоспар әзірлеу және қабылдау;

Екінші, қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінде қалдыру;

Үшінші, «Диабет және балалар» ведомствоаралық жоспарын қабылдау;

Төртінші, резервтік инсулиндік қор құру;

Бесінші тегін медициналық көмек көлемі аясында глюкагонды сатып алу практикасын жалғастыру;

Алтыншы, санаторлы-курорттық үлгідегі қант диабеті бар балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығын құру;

Жетінші, тексеру мерзімділігін: орта медицина қызметкерінің тексеруі – айына 1 рет, бастапқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерінің тексеруі – 3 айда 1 рет, эндокринологтың тексеруі – 3 айда 1 рет етіп өзгерту;

Сегізінші, қант диабетімен өмір сүру дағдыларына үйрету бойынша мамандандырылған «мектептер» ұйымдастыру;

Тоғызыншы, халықаралық клиникалық практикада ұзақ уақыт бойы 2 типті және 1 типті қант диабетін даму механизмі бойынша әртүрлі аурулар ретінде нақты ажырату қабылданған. Олар әртүрлі тексеру жиілігін және қандағы қант деңгейін әртүрлі өлшеуді талап етеді. Сол себепті, медициналық қамтамасыз ету мен қызмет көрсетудің тиісті нормаларын қайта қарай отырып 2 типті қант диабеті, 1 типті қант диабеті, балалар мен жасөспірімдердегі 1 типті қант диабеті бойынша жеке клиникалық хаттамалар мен стандарттарды әзірлеу қажет.

Сенатор депутаттық сауалында қан диабеті індетінен қоғамды сақтау, сауықтыру және емдеуге, инсулин қорын құруға қатысты нақты мәселе қойды  және Денсаулық сақтау министрінен аталған ұсыныстарды қарастыруды, тиісті шаралар қабылдауды талап етті.

0 пікір
Мұрағат