Қазақстанда қандай әскери дрондар бар? Ол дрондардың күші қандай?
Қазақстанда қандай әскери дрондар бар? Ол дрондардың күші қандай?
3 жыл бұрын 2189 azattyq.org Руслан МЕДЕЛБЕК

Кейінгі қарулы қақтығыстарда, әсіресе Украинадағы және Таулы Қарабақтағы, Ауғанстандағы соғыстарда әскери дрондар шешуші рөл атқарып жатыр. Осы тұста Қазақстан қарулы күштеріндегі әскери дрондарды түгендедік. Қазақстан әскерінде қанша дрон бар, олардың мүмкіндігі қандай? Дрон саны бойынша қай елдер мықты? Бұл туралы azattyq.org материалынан біле аласыздар. 

Қазақстан қорғаныс министрлігінің Азаттыққа берген мәліметінше, қазір ел әскерінде Қытайдың WingLoong-1 және Израильдің Skylark-1LEX әскери дрондары бар. Ведомство Түркияның Аnka әскери дронын сатып алуды қарастырып жатқанын, ал түріктің атышулы Bayraktar-TB2 дронын алу жоспарда жоғын мәлімдеді.

«Әскери мамандар жоғары жауынгерлік тиімділікті көрсеткен Түркияның жедел-тактикалық Bayraktar-TB2 ұшқышсыз ұшу аппаратын зерделеді. Алайда оның техникалық сипаттамалары біздің климаттық жағдайымызға келмейді. Сондықтан қарулы күштерде оларды сатып алу қарастырылмаған» деді қорғаныс министрлігі Азаттыққа жауабында.

Енді Қазақстан әскерінде бар (алуды жоспарлайтын) дрондардың ерекшеліктеріне кеңірек тоқталайық.

WingLoong-1 дроны

Әскери техникалар жайлы жазатын Army-technology.com сайтының мәліметінше, Қытайдың WingLoong-1 дроны бомба, ракета атуға арналған. Бұл ұшқышсыз аппарат 200 келіге дейін жүк көтере алады. Дронның ұзындығы 9 метр, ал қанатының құлашы 14 метрге жетеді. Қытай WingLoong-1 дроны 5000 м биіктікке дейін көтеріліп, 4000 шақырымға дейін ұша алады дейді.

WingLoong-1 дроны Қытайдағы әскери шеруде. 2015 жыл.

Қазақстан бұл дронның екі данасын 2016 жылы сатып алып, 2017 жылы әскери шеруде көрсетті. Army-technology.com сайты WingLoong-1 дронын 2011 жылы БАӘ, 2016 жылы Сауд Арабиясы, 2019 жылы Сербия сатып алғанын жазады. Бұл аппарат Алжир, Египет, Индонезия, Нигерия және Өзбекстан әскерінде де бар.

Қытайдың бұл дроны шын соғыста әлі сыналып көрмеген.

Skylark-1LEX дроны

Army-technology.com сайтының мәліметінше, Израильдің Skylark-1LEX шағын дронының салмағы 7,5 келі; өзі 1,2 келі жүк алып жүре алады. Бұл дрон бомба я ракета тастауға/атуға бейімделмеген, тек әуеден барлау жасап келуге, таулар мен далаларды шолуға, шекараларды бақылауға антитеррорлық операцияларға пайдаланады.

Skylark-1LEX дроны

Skylark-1LEX сипаттамасында «әскери дрон 4572 метрге көтеріледі, аспанда үш сағат ұшып жүреді және 40 шақырым қашықтықтағы жерлерден дерек бере алады» деп жазылған.

Anka дроны

Қазақстан Түркиядан Аnka дронының үш данасын сатып алатыны туралы ақпарат 2021 жылы шыға бастады. Кейбір ақпараттарға қарағанда, Түркия бұл дронды Қазақстанға 2023 жылы жеткізуі тиіс.

Аnka дроны.

Airforce-technology.com сайты мен ашық дереккөздердегі мәліметке сай, Аnka ракета және әуе бомбаларын тастайды және өзі барлау жүргізуге қауқарлы. Дронның ұзындығы 8 метр, қанатының құлашы 17,3 метр, 8000 метрге дейін көтеріле алады және Anka сипаттамасында «кез келген ауа райында ұшатыны және түнде де барлау жасай алатыны» жазылған.

Бұл дрон Сириядағы ұрысқа қатысып, шын қақтығыста сыналған. Қытайдың WingLoong-1 дронынына басты ерекшелігі – осы.

Түркияның квазисекторлық «Түрік аэроғарыш кәсіпорны» (TUSAŞ) бұл ұшқышсыз аппаратты 2004 жылы Түркия қарулы күштеріне арнап, құрастыра бастаған, 2010 жылы алғашқы сынағы өтті. Anka Түркия билігіне қарайтын компания жасаса, Bayraktar-TB2 дронын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның күйеубаласы иелік ететін жеке компания құрастырған. Түркия Сириядағы ұрыста Anka мен Bayraktar-TB2 дронын тандемде қолданды.

«БІР-ЕКІ ДРОН АЗ, ӘСКЕРИ ДРОНДАР ҮЙІРІМЕН ЖҮРУІ КЕРЕК»

Бұл дрондардың тағы басқа ерекшеліктерін, олқылықтарын; Қытай, Израиль, АҚШ, Түркия, Ресей дрондарының мүмкіндіктерін әскери тақырыпта жазып жүрген журналист Амангелді Құрметұлымен тереңірек талқыладық.

Азаттық: Қазақстан әскерінің дрондар ангарын түгендесек. Қарулы күштерде бар WingLoong-1, Skylark-1LEX дрондары, Қазақстан сатып алмақ Anka дроны жайлы жалпы деректерден бөлек тағы қандай ерекшеліктері мен кемшіліктері бар?

Амангелді Құрметұлы

Амангелді Құрметұлы: Қытайдың WingLoong-1 дрон жайлы дерек аз. Сипаттамасында 4000 км дейін ұша алады дегенімен, кейбір әскери сарапшылар 350 км дейін ғана ұшады деп жүр. Соғыста сыналмаған, Қытай 2010 жылы сынақ ретінде дроннан әскерилерге азық-түлік, дәрі-дәрмек тастап көрді. Бастысы бұл дронға ракета, бомба орнатылады.

Ал Skylark-1LEX Кеңес одағында техниктер бюросы жасайтын шап-шағын конструкторлық ұшақтардың жетілдірілген түрі десек болды. Бұл аппараттың басты миссиясы – барлап келу. Қазақстан бастапқыда бұл дронның алтауын алған, кейін Қазақстанда құрастырылады деген еді, бірақ құрастырылғаны жайлы ақпарат болмады.

Түрік ақпарат құралдары Anka дронының құны 80 млн доллар деп жазды. Шынын айтсақ, қымбаттау. 80 млн долларға алты Bayraktar-TB2 сатып алуға болар еді. Anka 350 келіге дейін жүк көтере алады (бұған бензиннің салмағы да кіреді), яғни Қытай дронынан 50 келі артық көтереді. Демек, Anka 4-6 шағын бомба тасиды. Anka мен WingLoong-1 өзі барлайды, шабуылдайды, яғни көп мақсатты дрондар.

Anka дроны

Қазақстан қазір Skylark-1LEX барлау дронына ұқсас өзінің «Шағала» деген дронын жасауға тырысып жатыр. Қазір «Шағаланы» құрастырып жатқандар дронның барлау камерасын, атысқа төзімділігін, ракеталардан жалтару мүмкіндігін сынап жатыр. Меніңше, «Шағала» 5000 метр биіктікке көтеріліп, 40 шақырымға бара алады. Аспанда 5-7 сағат жүре алады деп ойлаймын. «Шағаланың» мүмкіндігі жайлы толық айтылмады. Жалпы барлау дрондары 3-7 сағат ұша алады. Бір ұшырып жіберіп, барлап келген соң, демалтып алып қайта ұшыру керек.

Азаттық: Қазақстан әскерінде дрондарды көп дей алмаймыз. Қазір қарулы күштердегі дрондар қорғанысқа жеткілікті ме?

Амангелді Құрметұлы: Қытайдан алған екі WingLoong-1 бар. Ал Skylark-1LEX басында алтау еді, қазір онға жеткен шығар. Оған алда келетін үш Anka дронды қоссақ 15 шақты дрон бар. Негізі бір-екі дрон аз, әскери дрондар үйірімен жүруі керек. Түркия Сириядағы қақтығыста дрондарды үйірімен пайдаланды. Жалпы қанша дрон керегі потенциалды қарсыластың әуе қорғанысындағы ракеталарға байланысты. Ресей техникасын қарастырайық, мысалы, С-300, БУК, ТОР ракеталар жүйесінің бірнеше дивизионы тұр делік. Олардың ракета санын да ескеру керек. Мұндайда, айталық, бомба салынатын 24-30 әскери дрон мен 30 барлау дроны керек. Барлау дрондары алдымен нысаналарды анықтап беруі тиіс. Шағын барлау дрондары кейде «құрбан» ретінде қолданылады. Мысалы, шағын дрондар шығып, ракеталар соны атады да, олардың артынан шабуылдаушы дрондар іске кіріседі. Ал үш-төрт дрон сыртқа доқ көрсету ғана.

Skylark-1LEX дроны

Азаттық радиосы: Қорғаныс министрлігі түріктің Bayraktar-TB2 дроны Қазақстанның климатына жарамайды дейді. Bayraktar-TB2 белгілі бір климатқа ойластырылып жасалған ба?

Амангелді Құрметұлы: Bayraktar-TB2 дронын Украина қазіргі соғыста пайдаланып жатыр. Украина – Қазақстан сияқты қысы бар аймақ. Bayraktar-TB2 қазір тым биікте ұшып жүр, ол биіктік өте суық, оттегі аз. Қорғаныс министрлігінің климат дегені жалтару сияқты. Себебі Bayraktar-TB2 тым атышулы болып кетті. Сондықтан Bayraktar-TB2 дронын алмауға геосаяси жағдай да себеп болуы мүмкін. Яғни, көрші-қолаңды тым үркітпес үшін бұл дронды алмай отыр деп ойлаймын.

Азаттық радиосы: Қазақстан қару жарақтың көбін Ресейден алады. Ресейде мықты әскери дрондар бар ма?

Амангелді Құрметұлы: Ресей де әскери дрон жасауға талпынып жатыр. Украинадағы соғысқа «Арлан» және «Орион» деген дрондарын жіберген сияқты. Украинада түсірілген суреттердің бірінен «Арлан» дронының қирағанын көрдім. Бірақ ресейлік дрондар Украинадағы соғыста сәтті болып жатыр деу қиын. Орыс офицерлері мақтаншақтау келеді ғой, егер Украинада дрондары сәтті болса мақтанар еді. Қазір Ресейдің атышулы дроны жоқ, тіпті әскерилер де Ресейдің дрондарын біле бермейді. Ресей дрондары жайлы ақпараттарды арнайы іздеу керек. Сондықтан Қазақстан да қызықпай отырған сияқты. Ал АҚШ, Түркия, Израиль, Қытай өз дрондарын қатты жарнамалап жіберді.

Азаттық радиосы: Қазір әлемде қай елдің әскери дрон ангары мықты?

Амангелді Құрметұлы: Әлемде кемі жүз елде бір-екі дрон болса да бар. Ал әскери дрон жағынан қазір АҚШ мықты. АҚШ дрондарын басқа елге сата бермейді. Қазір олар ірі шабуылдаушы дрондарды тиейтін арнайы әскери кемелер де жасауды ойластырып жатыр. Одан кейінгі орынға Израильді қояр едім. Одан соң Түркия мен Қытай. Ұлыбритания әскерінде де мықты дрондар бар. Германия мен Францияда да дрондар бар, бірақ бұл екі ел көп көрсете бермейді. Алда әскери дрондар дами беретіні сөзсіз. Қазір су асты дрондарын жасау да айтылып жатыр.

Авторы: Руслан МЕДЕЛБЕК

Дерек көзі: azattyq.org

0 пікір
Мұрағат