Қазақстанда психикалық ауытқуы бар балалар саны артып барады
|

Елде психикалық ауытқуы бар 45 мың бала есепте тұр. Оның 5 мыңы бас қалада тіркелген, деп хабарлады 24.kz
Денсаулық сақтау министрлігі ақыл-есі кем науқастардың саны жыл санап артып жатқанын мәлімдеді. Ақпарларына сүйенсек, былтырдың өзінде кәмелетке толмаған 10 мыңнан аса жасөспірім стационарлық жағдайда ем алған. Бұл қатарда шизофрения дертіне шалдыққан 178 науқас бар. Ақыл-ой дамуы тежелгендерді қалай қатарға қосуға болады? Оларды қоғамнан оқшаулау қаншалықты қажет?
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - Сондықтан бүгінгі таңда біздің балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа бір амалдарын жасау керек. Жаңағы азаматтың өзі тіркеуде тұрады екен. Міне, сондай тіркеуде тұратын азаматтарға бақылауды күшейту керек. Жалпы қоғам болып қазір балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмыс жасауымыз керек және ең негізгісі – құқық қорғау органдары.
Қазақстанда қазіргі күні психикалық ауытқуы бар 204 408 адам бар. Қатарында 44 781-і кәмелет жасына толмаған бала мен жасөспірім. Көрсеткіш жыл санап өсіп келеді деді министрлік. Жүйке жүйесіндегі сырқаттардың аса қауіптісі шизофрения екен. Аталған кеселмен бүгінде 39 334 науқас бақылауда тұр. Дертіне шипа іздегендерді емдеп, қатарға қосу үшін 20 өңірде психикалық-денсаулық орталығы жұмыс істейді. Мұнда оңалтудың оңды қадамдары азаматтарға психологиялық тұрғыда қолдау, көмек беріледі.
Нәби Есімов, ҚР ДСМ «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы» ШЖҚ РМК бас директордың орынбасары: - Осы 20 орталықта реабилитация да бар. Өзінің екі түрі бар. Бірі психикалық белсенді заттарды қолдануға байланысты. Екіншісі – белсенді заттарсыз оңалту. Яғни, әртүрлі белсенді заттарсыз оңалту. Бізде алдын алу, біріншілік көмек, стационарлық көмек – осы тізбектің бәрі бар.
Ақыл-есінде ақау бар адамнан келетін қауіп те жоқ емес қазір. Ой-санасын басқара алмайтындардың қатысуымен қылмыс та тіркеліп жатыр.
«Алайда, мұндай науқастарды қамауға алу, мәселенің тамырын толық кеспейді», – дейді депутат Асхат Аймағамбетов. Халық қалаулысы кеселдің салдарымен күресті күшейту керектігін еске салды. Әрі кешенді тәсіл қажет екенін айтты.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: - Мұндай азаматтар бізде көп. Мұндай балалар бізде, өкінішке қарай, аз емес. Оларды тек қана жауапкершілікке тартумен біз бұл проблеманы толығымен шеше алмаймыз. Сондықтан біз бүгін проблеманы кешенді қорғау туралы айтып жатырмыз. Бұл біздегі мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмысы. Бұл психиатриялық қызметтің жұмысы негізгі. Әлеуметтік қызметтерді дайындау университеттерде осы мәселені көтеріп отырмыз.
Бүгінде әрекетке қабілетсіз ақыл-есі кем адамдардың құқықтарын қорғауды сот тағайындайды және оған 18 жасқа толған заңды өкіл ретінде қамқоршымен қамтамасыз етеді. Оңалтуға келсек, ережеге сәйкес психиатр-дәрігер науқастың жағдайын кемі айына бір рет қарап-тексеруі тиіс. Ал олардың қандай жағдайда стационарлық емдеуге жіберілетіні нақтыланбаған.
Авторы: Кәмшат Мұхамеджан
Елімізде 18 мыңнан астам бала церебральды сал ауруына шалдыққан
Елімізде 115 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі бала бар. Оның 18 мыңнан астамы церебральды сал аурына шалдыққан, деп хабарлайды 24kz.
Мұндай диагнозы бар балалардың дертіне дауа табуда қазір ортездеу әдісі кеңінен қолданылып келеді. Бұл дене мүшелеріндегі ауытқуларды қалпына келтіруде оң нәтижесін беретін соны тәсіл. Былтырдың өзінде Ұлттық балаларды оңалту орталығының дәрігерлері 6 мыңнан аса балаға ортездік бұйымдар жасаған.
Назым Қайрат, тілші: - 7 жасар Кәусар бүгін алғаш рет ортездік бұйымын киіп көрмек. 5 жыл бұрын белгі берген індеттен жеткіншектің сол жақ ми бөлігі зақымданып, салдарынан, сол қолы мен аяғының өсуі тежелген.
Гюзель Сейтімбетова, Ақтау қаласының тұрғыны: - Біз Ақтау қаласынан келдік. Бізде неврологиялық гемиплегия деген диагноз қойды. Ол сол жақтан миымыз тоқтап қалған. Сол аяқ, сол қолымыз кішкене қысқа. Баса алмайды. Аяғының ұшымен ғана жүреді. Сол себепті, осы жерге порталмен келдік.
Қазір анасы мен қызының бас қаладағы республикалық оңалту орталығында емделіп жатқанына 20 күнге жуық уақыт өткен. Мұнда келгелі Кәусар ЛФК, магниттік терапия, агротерапия сынды 8 түрлі кешенді ем қабылдауда. Енді аяғына ортездік бұйым киюді де әдетке айналдырмақ.
Дәулеткерей Аманжолұлы, Ұлттық балаларды оңалту орталығының зертхана басшысы: - Біздің зертхана 2007 жылдан бастап жұмысын бастаған. Биыл 18 жыл толады. 18 жылдың ішінде қаншама пациенттер ортездік бұйымдар алды. Былтыр мысалы, 6229 ортездік бұйым жасаппыз. Бізге келген пациенттер көбінесе церебралдық паралич және миға қан құйылу, қандай да бір нейроинфекциялар болу салдарынан оларда паралич, порез болған кезде көбінесе аяқ-қолда деформация болады. Деформация деген ауытқу. Бүгіліп қалуы мүмкін бір жағы. Арқасында, омыртқасында қандай бір кінәрат болуы мүмкін.
Соны түзету үшін модельдеу және ортездеу зертханасының қызметкерлері баланы диагностикадан өткізіп, дене бітіміне сай ортез дайындап береді. Ол ауытқыған дене мүшесін қалпына келтіріп қана қоймай, аурудың әрмен қарай өршіп кетпеуінің алдын алады. Құны 6 мыңнан 120 мың теңгеге дейін барады. Алайда, учаскелік дәрігерінің нұсқауымен портал арқылы келген науқастарға тегін беріледі. Бүгінде зертханада термопластикалық полимерден ортездің 40 түрі шығарылады.
Дәулеткерей Аманжолұлы, Ұлттық балаларды оңалту орталығының зертхана басшысы: - Ортез әр түрлі болады. Соған сәйкес, бізде мамандарда арнайы нұсқаулар бар. Пациентке кигізген кезде ортезге сәйкес, нұсқаулар беріп жатады. 20-30 минуттан бастайды кейбір ортездер. Бейімделгеннен кейін күндіз, ұйықтаған кезде де нұсқаулар беріп жатамыз.
Ортезді кию уақыты ауру түрі мен асқыну деңгейіне қарай әр науқаста әр түрлі болады. Бірақ, бұйым оң нәтижесін беруі үшін науқас оны орташа алғанда 3 айдан 1 жылға дейінгі аралықта киюі шарт. Оңалту орталығына көбіне Шымкент, Қызылорда және Алматы облыстарының тұрғындары жиі жүгінетін көрінеді. Әсіресе, соңғы 5 жылда сөйлеу қызметі тежелген балалар көптеп қаралады. Ондайда баланың бұлшықеттері мен сүйегін қалпына келтіру үшін арнайы ұлтарақтар ұсынылады. Бірақ, кез келген аурудың бетін қайтару үшін алғашқы белгілері білінген сәттен-ақ бірден оның еміне кірісу қажет. «Сонда ем нәтижесі де ұзақ күттіртпейді», - дейді мамандар.
Авторлары: Назым Қайрат, Артур Гривошенко
Елімізде жеткіншектер арасында сколиоз ауруы көбейді
Елімізде жылына 1700-дей адамнан сколиоз анықталады, деп хабарлайды 24kz.
Яғни, соңғы уақытта омыртқа жотасының қисаюы жиі кездесе бастаған. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Тіпті, тірек-қозғалыс жүйесіндегі ең көп тараған аурулардың біріне айналған. Әсіресе, сколиозға шалдыққан жеткіншектер көп дейді. Оған не себеп? Ислам Жапарханов ұлына дәрігерлер анасының жатырында сколиоз диагнозын қойғанын айтады. Туа біткен ауруға дауа іздеп, ем-домның сан түрін көрген. Алайда, баласы 7 жасқа келгенше кеуде тұсындағы қисайған омыртқа түзеле қоймапты. Енді баласының келісімімен операция жасатпақ.
Ислам Жапарханов, Алматы қаласының тұрғыны: - Бұған дейін омыртқаны түзететін арнайы киім де кидік. Балам тез шаршап қала береді. Дәрігерлер қисайған омыртқаны тек операция арқылы түзетуге болатынын айтты. Бұғанасы қатпаған осындай кезде жасаған оңтайлы деген соң Алматыдан арнайы осы орталыққа келдік.
Ал, мамандар: «Сколиоздың асқынуы өте қауіпті», - деп отыр. Яғни, кеуде қуысының қисаюы, жүректен тартып, ішкі ағзалардың жұмысын нашарлатады. Сколиоз асқынған жағдайда тек операция арқылы түзеуге болатындығын айтады. «Сондықтан туа біткен қисық омыртқаға бала кезде операция жасау жеңілдеу болады», - дейді дәрігерлер. Жалпы омыртқа ауруларының 52 түрі бар. Дені жұлын мен жүйке тамырлары омыртқа арасында қысылған кезде бірден байқалады екен. Салдарынан адамның белі, аяқ-қолы, басы, тіпті, ішкі ағзаларының ауыру үдей түседі. Бұған түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Компьютер алдында ұзақ отыру, ауыр жүк көтеру де омыртқа ауруына әкеп соғады. Ал, ауыр сөмке арқалап немесе түрлі гаджеттерге телмірудің салдарынан балалар арасында сколиоз көбейген.
Дәулет Байытов, травматолог-ортопед дәрігер: - Сколиоз – омыртқаның туа біткен және жүре пайда болған қисаюына операция жасаймыз. Оның ішінде балаларға үлкендерге де операция жасалады. Жылына 150-170 адамға операция жасалады. МӘМС бойынша толық тегін. Ортапедия бөлімі былтыр 400-дей операция жасадық. Соңғы жылдары көршілес шет елдерден ем іздеп келіп жатыр. Он сегіз жастан асқан адамдарға осы сколиоз проблемасымен тек біздің клиника жұмыс атқарады. Мұнда балалардың проблемаларымен де айналыса береміз.
Деніміз сау болсын десек, омыртқаны үнемі жаттықтырып отыру қажет. Мамандар осылай деп кеңес береді. Арқа бұлшықеттерін қатайту маңызды. Яғни, бұлшықеттер мықты болса, омыртқаға түсетін салмақ та азаяды. Омыртқа саулығы – жалпы деннің саулығы.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ақылбек Есімсейітов
Елімізде сәбилердің сарғаю синдромы жиілеп барады
Кейінгі жылдары елде сәбилердің сарғаю синдромы жиілеп барады, деп хабарлайды 24kz.
«Оған басты себеп – жүктіліктің жоспарланбауы», -дейді дәрігерлер. Мұндай дерт шала туған шақалақтардың шамамен 80%-інен, ал айы-күні жеткен нәрестелердің тең жартысынан анықталып жатыр.
Мейрамгүл Көшірбаева төртінші жүктілігінде егіз босанды. Дәрігерлер үшінші тәулікте шақалақтардан сарғаю синдромын байқаған. Оларға дер кезінде фототерапия курсы қолданылды. Анасының айтуынша, кейн сәбилердің жағдайы жақсара бастаған.
Мейрамгүл Көшірбаева, көпбалалы ана: - Төртінші, бесінші балаларым. Оған дейінгі балаларда да болған. Көбінесе үй жағдайында терезеге қой деп жатады, бірақ лампамен тезірек әсері байқалып жатыр.
Сарғаю синдромы сәбидің үшінші немесе төртінші тәулігінде пайда болуы мүмкін. Егер оған дейін ана мен нәресте перзентханадан шығарылған болса, тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға жүгінуі тиіс. Дәрігердің нұсқауымен, фототерапия курсын үйден де алуға болады.
Нұрайым Саттар, қалалық перинаталдық орталығының медбикесі: - Фототерапия 24/7 қойылады. Мамаларына біз береміз баланың сарысы пайда болса. Мамасы емізетін кезде ғана алуға болады. Одан кейін бірыңғай фотода жата береді балалар. Врачтың тағайындауы бойынша қойылады.
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай ауруға болашақ ананың денсаулығын күтіп ұстамауы себеп болып жатады. Астанадағы қалалық перинаталды орталығының өзінде 2024 жылы дәл осындай диагнозбен 750 сәбиге медициналық көмек көрсетілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда жүзге көп. Оның үстіне үйден емделген нәрестелер тағы бар.
Гүлмира Оразбекова, неонатолог-дәрігері: - Себебі, көп оның. Бірден бір себептері ананың денсаулығы. Жүктілік кезінде аналарымыз ауырып жатса, дәрі-дәрмек қабылдаса, сәбилер сарғыш болуы мүмкін. Соңғы жылдары көбейгені байқалады. Шала туған нәрестелерде көбінесе кездеседі, 80% дейміз оларда. Жетілген сәбилерде 50% кездеседі.
Сарғаю синдромын дер кезінде емдемесе, сәбидің дамуына, соның ішінде миының жетілуіне кері әсер етеді. Сондықтан мамандар ата-аналарға нәрестені уақытылы медициналық тексерістен өткізуге кеңес береді.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Әлиев




