Қазақстанда мүлік және жер салығын біріктіруі мүмкін. Көпқабатты үйлердің тұрғындары 2020 жылдан бастап жер салығынан босатылады
|
Ұлттық экономика министрлігінде жеке тұлғалардан алынатын мүлік және жер салығын бір салыққа біріктіру ұсынылды, деп хабарлайды 7kun.kz ақпарат көзі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Қазақстанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген заң жобасы шеңберінде көппәтерлі үйлердің меншік иелері үшін жер салығын жою және жеке тұлғалардан алынатын мүлік және жер салығын бір салыққа біріктіру ұсынылуда», — делінген хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, жаңалықтың негізгі мақсаты – жеке тұлғалардың мүлік пен жер салығын төлеуін жеңілдету.
«Заң шығарушылар жеке тұлғалардың мүлік және жер салығын салық салу нысаны, салық базасы, мөлшерлеме, есептеу және төлеу секілді салық элементтерін өзгертпей, біріктіруді ұсынып отыр. Екі салық бір төлеммен алынады. Мөлшерлеме бұрынғыдай, ештеңе қымбаттамайды, тек салық төлеу тәсілі қолайлырақ болмақ. Осы күнге дейін екі түрлі салық, түрлі есептеу әдістемесі, екі түбіртек салық төлеушіге қолайсыздық тудырып келді», деп толықтырды министрлікте.
Бұл ретте көппәтерлі тұрғын үйдің меншік иелеріне салынатын жер салығын мүлде жою жоспарланған.
Қазіргі уақытта құжат мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өткізілуде. Ағымдағы жылғы күзде оны Парламентке енгізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, нормаларды енгізудің жоспарланған мерзімі – 2020 жыл.