Қазақстанда мүлдем алимент төлемейтіндердің саны 76%-ға азайған
|
Əділет министрлігі жүргізген реформаның арқасында мүлдем алимент төлемейтіндердің ісі 76%-ға пайызға қысқарған. Бұл туралы Мəжілісте «Жеке орындау институты жəне оның Ұлт жоспарының 27-қадамын іске асыру аясындағы дамуы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында ҚР Əділет министрі Берік Имашев мəлімдеді. Министрдің айтуынша, осы жылдың 30 мамырында жеке сот орындаушыларына алиментті өндіріп алу туралы 35 206 іс түскен. «Жалпы айтатын болсам, қолға алынған шаралар арқылы алиментті мүлдем төлемеуге қатысты құжаттар саны 76 пайызға азайды. Яғни, 15 мың құжаттан 3 жарым мыңға дейін қысқарған», - деді ол. Сонымен қатар, әділет министрі алиментті өндіріп алуға қатысты шешімін таппаған мəселелер бар екендігін атап өтті. «Борышкерлердің жұмыс орны, кірісі, өндіріп алуға болатын мүлкінің болмауына не оны әдейі жасыруына байланысты алиментті өндіріп алу проблемасы бар екенін мойындауға тиіспін. Мұндай істер шамамен 1,5% (220 мыңның 3 мыңын) құрайды. Осы көрсеткіш бойынша да біз еуропалық стандарттарға жақындадық», - деп түйіндеді Берік Имашев.