Қазақстанда мемлекеттік құпияны жариялағандар қалай жазаланады?
Қазақстанда мемлекеттік құпияны жариялағандар қалай жазаланады?
8 жыл бұрын 3039 tengrinews.kz Тұрар Қазанғапов

ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес, мемлекеттік құпияны жариялағандар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

185-бапқа "Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету" сәйкес, мемлекеттік құпияны жариялаған адам ең көп дегенде 8 жылға дейін бас бостандығынын айырылады. Айта кетейік, бұл баптың үш бөлігі бар.

"Мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерді заңсыз жинау, сол сияқты құқыққа сыйымсыз алынған, мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерді тарату, мемлекетке опасыздық жасау немесе тыңшылық белгiлерi болмаған кезде - белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Адамның өзiне қызмет, жұмыс бабымен не Қазақстан Республикасының заңында көзделген өзге де негіздер бойынша сенiп тапсырылған немесе мәлiм болған мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария етуi, мемлекетке опасыздық жасау белгiлерi болмаған кезде - белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады", - делінген ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабында.

Еске сала кетейік, осыған дейін жоғары шенді тұлғалардың қамауға алынғаны хабарланған болатын. Президент Әкімшілігі Басшысының бұрынғы орынбасары Бағлан Майлыбаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің қызметкері Николай Галихин ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабының 1,3 бөлігі ("Мемлекеттiк құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету") бойынша айыпталып, қамауға алынған еді.

Сондай-ақ, осыған ұқсас қылмыс бойынша ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев ұсталып, екі айға қамауға алынған болатын. "Жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында 2016 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 185-бабының 3-бөлімінде ("Мемлекеттік құпияларды жария ету") және 362-бабының 3-бөлімінде ("Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану") көзделген қылмыстарды жасауға күдіктілігі бойынша Дүтбаев Нартай Нұртайұлы, Хасен Нұрлан Болатұлы және Нұртаев Ерлан Сүйімбайұлы ұсталды", - делінген еді хабарламада.

0 пікір
Мұрағат