Қазақстанда кәсіпкерлерге арналған банк картасы шықты
|
Алматыда өткен баспасөз конференциясында Қазкоммерцбанк (Qazkom), халықаралық UnionPay International (ҚХР) төлем жүйесі мен синьцзяндық Yazhong (Cemarket, ҚХР) компаниясы электрондық cemarket.kz сауда алаңы мен жеке кәсіпкерлерге арналған Cemarket кобрендингтік картасын таныстырды.
Енді Қытайдан өндірістік құрал-саймандар сатып алатын кәсіпкерлер онлайн түрде тапсырыс беріп, банк картасы арқылы төлем жасай алады. Қазком ұсынып отырған кобрендингтік картада заңды тұлғаларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Барлық қажетті құралдарды cemarket.kz сайтында онлайн толтыруға болады. Одан бөлек әрбір сатып алынған тауар үшін бонустар қосылады.
Cemarket кобрендингтік картасы қазақстандық кәсіпкерлер сатып алған тауарлардың құнын теңгемен төлеуге мүмкіндік береді. Ал төлем қытайлық жеткізуші компанияларға бірден юаньмен түседі. Бұл жерде валюта конвертациясы АҚШ доллары арқылы емес, бірден теңгеден юаньға ауысады.
Qazkom-ның басқарушы директоры Нұрлан Жағыпаров соңғы кездері Қытайдан елімізге тасымалданатын өндірістік-құрал саймандардың ипморт көлемі артқанын айтты.
«Бірақ соған қарамастан, трансшекаралық сауданың өсуін тежейтін бірқатар мәселелер әлі де өз шешімін тапқан жоқ. Олардың ішінде валюталық келісімшарттарды толтыру және теңгені юаньға АҚШ доллар арқылы ауыстырудағы шығындарды айтуға болады. Біздің қытайлық UPI және Yazhong серіктестермен бірігіп іс-жүзіне қосқан жобамыз импорттық келісімшарттарға байланысты негізгі мәселелерді шешеді», — деді.
Cemarket картасын үш түрлі валютада: юаньмен, теңгемен, доллармен 5 жылдық мерзімге ашуға болады. Банктің қызмет көрсету құны бірінші жылы 990 теңге, одан кейінгі жылдары 800 теңге болады.
Қытайлық Cemarket электрондық сауда алаңы 2016 жылы құрылған. Бүгінгі күні ол түрлі құрал-саймандарды (өндірістік, тау-кен шахта, қайта өндіруші, құрылыс, қойма, ауылшарушылық және табиғат қорғау) шығарушы және сатушы компанияларды біріктіретін сайт, әрі түрлі электромеханикалық, құрылыс құралдары мен жабдықтардың интернет-платформасы.