Қазақстанда жүруі мүмкін Hyperloop жүрдек пойызы туралы не білеміз? (видео)
Қазақстанда жүруі мүмкін Hyperloop жүрдек пойызы туралы не білеміз? (видео)
7 жыл бұрын 4756 Baq.kz Дәурен Ерболат

Әлеуметтік желіде Астана мен Алматы арасында жүруі мүмкін жылдамдығы өте жоғары пойыздың видеосы тарады. Оны алғашқылардың бірі болып, танымал блогер Александр Цой «Facebook» желісіне салған. Ролик әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылануда. Видеода заманауи үлгіде салынған пойыз жолының құрылысы бейнеленген. 

Hyperloop пойызы – тікұшақ, көлік, кеме және қарапайым пойыздан кейінгі әлемдегі транспорттың бесінші түрі. Оның жылдамдығы 480 км/сағаттан 1 200 км/сағатқа дейін барады екен. Жобаның авторы – «Tesla Motors» фирмасының бас директоры, инженер, «SpaceX» компаниясының негізін қалаушы, миллиардер – Элон Маск. Hyperloop деп аталатын жаңа көлік жүйесін жасау туралы ой кәсіпкерге көлік кептелісінде тұрғанда келген.

Аталған жобаны іске асыру үшін арнайы құбыр жүйесін тұрғызу керек. Құбыр арқылы сығылған ауамен және төменгі қысымның арқасында алюминийден жасалған капсулалар қатынайды. Вагон-капсулалар құбыр үстіне орнатылған күн батареяларынан қуат алатын электр турбиналармен жабдықталады. Сондай-ақ, құбыр жүйесі жер үстінде арнайы тіректерге орнатылады.

Соңғы ақпараттарға сәйкес, бірінші Hyperloop пойызы Сан-Франциско мен Лос-Анджелес қалаларының арасында қатынауы мүмкін. Екі шаһардың арасы 600 шақырымға жуықтайды. Жоба бойынша осы қалалардың арасына арнайы құбыр салынады. Нәтижесінде, бір мегаполистен екінші қалаға жету небәрі 30 минутты құрайды. Пойызға 28 жолаушы отыра алады.

Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктері де көштен қалмай Hyperloop бойынша жаңа көлік жүйесінің құрылысын бастаған екен. Соған сәйкес Дубай мен Абу-Даби қалаларының арасына арнайы құбыр салынады. Екі шаһардың арасы – 139 шақырым. Егер Hyperloop пойызының құрылысы сәтті жүзеге асатын болса, аталмыш елдің тұрғындары 2 қалаға 12 минутта жетеді. Қазіргі таңда олар жолға 30 минут жұмсайды екен.

Кейбір мәліметтерге сәйкес, жаңа көлік жүйесінің құрылысы Дубай мен Эр-Рияд шаһарларында да салынуы мүмкін. Осылайша, екі қаланың арасы жақындай түседі. Қазіргі таңда ел тұрғындары осы қалаларға жету үшін 9 сағат жол жүреді. Егер Hyperloop пойызы жүретін болса, олар жолға нәбері 48 минут уақыт жұмсайды.

Сондай-ақ, интернет желісінде Hyperloop пойызы бейнеленген Дубай-Маскат (Оман астанасы) және Дубай-Доха (Катар астанасы) маршруттарының тизерлік видеоролигін көруге болады.

Айта кетейік, егер Hyperloop пойызы Астана мен Алматы арасында қатынайтын болса, қазақстандықтар жолға небәрі 30 минут қана жұмсайды. Алайда, әлеуметтік желіде тараған видеороликтің авторы оны «WhatsApp» желісінен алғанын айтып отыр.

 

0 пікір
Мұрағат