Қазақстанда жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық алаңы дайындалады
Қазақстанда жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық алаңы дайындалады
7 жыл бұрын 2265 7kun.kz

Қазақстанда жұмысқа орналастырумен 50-ден астам жеке меншік агенттіктер мен сайттар айналысады. Олардың көбі ірі қалаларға басымдық берген. Өңірлерде де белсенді жұмыс істейтіндері баршылық, алайда басқа әріптестерімен байланыспағандықтан, өз қалалары мен облыстарының аумағынан ары аса алмайды.

Статистикаға сүйенсек, 2017 жылдың қараша айында 440 мың жұмыссыз азамат тіркелген. Алматы мен Астана қалаларында жұмысқа орналастыру мәселесімен 320 мыңнан аса азамат өтінім берген. Ал ауылдық жерде 160 мыңнан аса азамат, яғни шамамен 49 пайызы өтінім берген.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жанат Естаевтың айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын дайындау қарастырылған. Жұмыс істеуге және қызметкер таңдауға көмектесетін электронды «Еңбек биржасы» болады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен біріктіріліп, жеке меншік жұмыспен қамту агенттіріктері мен жұмыс істеу және қызметкер таңдау порталдарының базасын қамтиды.

“Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың кәсіби біліктілігі, оларды оқыту және жұмысқа орналастыруға қатысты функцияларды аутсорсингке беру қарастырылып отыр. Осы мақсатта 2018 жылы 1,5 млрд теңге бөлу жоспарланған”, – деп хабарлады Жанат Естаев.

Сондай-ақ, жеке меншік жұмыспен қамту агенттіктері білім беру қызметін де көрсетуді жоспарлап отыр, себебі жұмыссыз қалған азаматтарға қайта мамандану қажет. Мұның барлығы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүргізіледі.

0 пікір
Мұрағат