Қазақстанда жеке куәлік пен паспортты 3 сағатта дайындап беретін болды
|
Келер жылдан бастап жеке куәлік пен паспортты небары 3 сағаттың ішінде алуға болады. Маусым айында құжаттарды алу мерзімі екі есеге қысқармақ.
Бұл туралы Астана қалалық халыққа қызмет көрсету орталығы басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды Астана арнасы.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев азаматтарды құжаттандыру ісін тездетуді тапсырған еді. Ауқымды істің қалай атқарылып жатқаны туралы Еркін Карин әңгімелейді. Тараз тұрғыны Нұржан Туғанбай – футбол жанкүйері. Кезінде төлқұжаты болмай, сүйікті командасының ойынын көруге Барселонаға бара алмай қалғанын әлі күнге өкінішпен еске алады. Мұның бәріне құжаттың жай дайындалуы себеп болды дейді.
“1 жетіден 10 күнге жуық күтуім керек екен. Бұл біздің тұрғындарға өте тиімсіз боп қалды аяқ астынан кететін азаматтар үшін. Ал, егер жеделдетіп тездетіп жасату үшін, қазір үстінен ақша қосылады екен 2 мың теңгеден аса. Оның үстіне жеделдетілген күннің өзінде 5 күннен кем болмайды екен”, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Нұржан Туғанбай.
Ал шетелге жол жүруге асыққан Бейбіттің құжаты екі күнде дайын болады. Бұған дейін паспортты кемінде бір ай күтетін. Бұл жолы бәрі сәтімен шешілді.
“Шет елге бір сапарға жүріп бара жатырмын. Соған байланысты паспортты өзгерту керек болды. Қазір 2 мың теңге қосып төледім. Екі күнде дайын болады”, – дейді тұрғын Бейбіт Сембиев.
Бүгінде еліміз бойынша Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында ғана жеке басын куәландыратын құжат пен паспорт екі күнде жасалады. Осыны алға тосқан премьер Бақытжан Сағынтаев бұл қызмет барлық азаматтарға бірдей көрсетілуін тапсырды. Қазір азаматтарға арналған үкімет коорпорациясы осы бағыттағы жұмыстарға қызу кіріскен.
“Тапсырмадан кейін аталған 4 қалада 1 күн ішінде, ал өзге облыс орталықтарында 1 апта ішінде дайындау жүзеге асты. Бұл жоба ІІМ мен бірлесе атқарылған. Біз техникалық тұрғыда дайынбыз. Жоба жақын арада жүзеге асады. Мұнан өзге бірыңғай ХҚКО салу жоспарланған. Олай болған жағдайда, бір ғимаратта фронт және бэк офистер салынып, мамандар бір жерде отыратын болады. Құжаттарды бірнеше сағат ішінде алып кету мүмкіндігі бар”, – дейді Астана қалалық ХҚКО үйлестіру қызметі департаментінің басшысы Ерлан Шүренов.
Жыл басынан бері 15 мыңдай ақтөбелік жеке басын куәландыратын құжат пен паспорт алды. Бұл құжаттардың тең жарымы қысқартылған мерзім ішінде әзірленген. Бірақ басқа өңірлердің қарқыны бұдан баяу. Мәселен Оралда құжаттар, ең жылдам дегенде, тек төрт күнде әзір болады.
“Бұрынғы уақытта құжатты беру және рәсімдеу ісі 30 күн ішінде болатын. Қазіргі уақытта 15 күн ішінде рәсімдеп беріледі. Және азаматтар өзінің құжаттарын жедел түрде алғысы келіп арыз берсе, онда олардың құжаты 4 күнде рәсімдеп беріледі. Оған бірақ қосымша ақы бөлінеді. 1 989 теңге”, – дейді БҚО ІІД көші-қон қызметінің аға инспекторы Венера Сәтжанова.
15 күнде рәсімделетін төлқұжатқа төлем – 9 076 теңге. Ал, тезірек жасатқыңыз келсе, 1 989 теңге қосымша төлеуге тура келеді.