Қазақстанда жасалған трактор 800 мың теңге тұрады
Қазақстанда жасалған трактор 800 мың теңге тұрады
8 жыл бұрын 20637 egemen.kz

Еліміздегі ең арзан трактор Зайсан қаласында шығарылады. Мұндай техникаларды шығару осы уақытқа дейін тек ірі қалалардың еншісіне тиген іс еді. Зайсан ауданы әкімдігі 2015 жылы Қытай кәсіпкерлерімен осы елде шығарылатын шағын тракторды Зайсанда құрастыру жөнінде келісімге келген. Соның нәтижесінде ауылшаруашылық техникалары мен оның құрылғыларын құрастырып сататын «Ертіс ТЗ» атты орталық құрылыпты. Былтырғы жылдан бастап іске кіріскен бұл орталық әзірге 36 шағын трактор шығарып үлгерген. Істің қазіргі беталысы жаман емес. Осыған дейін 20-26 аттың күші бар 15 шағын трактор сатылған. Бағалары да қымбат емес, 800 мың - 1 миллион теңге айналасында. Бұдан 14,6 миллион теңге қаржы түскен. Сол секілді түрлі құрылғылар сатудан 4,8 миллион теңге қаржы кірген.

Аталған шағын кәсіпорын ендігі кезекте мотоцикльдер, күн батареяларын, киіз үйлер құрастыру мен жасауды да жоспарлап отырған көрінеді. «Ертіс ТЗ» ЖШС-нің құрылып, жұмыс істеуі үшін 80 миллион теңге инвестиция тартылған екен. Осыған орай аудан орталығында 12 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмыс орындарының саны алдағы уақытта арта береді деген болжам бар. Зайсанда жаңа тракторлар шығарылып жатқандығын естіген көрші ауданның кәсіпкерлері мен жұртшылығы да бұл қуанышты жаңалыққа елең етісіп, қазіргі күні өз ұсыныстарын айтып жатқан көрінеді. Ол ұсыныстар жинақталып, зерттелуде. Мәселен, неғұрлым қуаттырақ, 35-40 аттың күші бар тракторлар шығарылса деген де ұсыныстар бар. Әрине, егер жақсы сұраныс болып жатса, оны да қанағаттандыруға болады. Сөйтіп, құрылғанына көп өте қоймаған ЖШС-нің жұмысы тракторлардың жаңа түрлерімен толығып, ауқымы кеңейе түсуі де әбден мүмкін.

0 пікір
Мұрағат