Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті аурулар тізбесіне 68 ауру мен инфекция енгізілді
Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті аурулар тізбесіне 68 ауру мен инфекция енгізілді
3 жыл бұрын 1443

ҚазАқпарат - Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне 68 ауру мен инфекция түрі енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тізімге енгізілген аурулардың ішінде жануарлардың 45 ауруы бойынша қолайлы эпизоотиялық жағдай байқалады, 23 ауру бойынша арнайы ветеринариялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

«Халықаралық эпизоотиялық бюро жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізіміне 88 түрлі ауру мен инфекцияны енгізді. Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар (профилактика, диагностика, жою) бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне енгізілген аурулар бойынша жүргізіледі. Республикада мұндай профилактикалық іс-шаралар жануарлардың 23 ауруы бойынша жүргізіледі, бұл вакцинация және диагностика»,-делінген хабарламада.

Сондай-ақ онда 2022 жылға аса қауіпті ауруларға жануарларды вакциналау бойынша ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес 160,5 млн манипуляция, диагностика бойынша 34,1 млн зерттеу жоспарланған.

2022 жылдың басынан бері республика аумағында 177 қолайсыз пункт тіркелді. Оның ішінде аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша 91 пункт (оның ішінде 51-і жойылды, 40-ы жұмыс істейді), сондай-ақ бруцеллез бойынша 86 пункт (оның ішінде 20-ы жойылды, 66-сы жұмыс істеп тұр).

«Ол үшін жоспардан тыс, мәжбүрлі 58 516 бас ірі қара, 4707 бас ұсақ мал, 2388 бас жылқы және 633 ет қоректі жануарларға вакцинация жүргізілді, сондай-ақ, 1,0 млн. шаршы метрден астам дезинфекциялық құралдар бөлінді».- деп мәлім етті ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Павлодар облысында жыртқыштарға жеуге жарамды вакцина қолданылады

Ет қоректі жануарлардың арасында құтырма ауруының алдын алу мақсатында әуеден өңдеу жүзеге асырылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте өңірлік ветеринария басқармасының басшысы Қайыржан Байжанов мәлім етті, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Мұндай тәжірибе 2005, 2011 жылдары болған және жақсы нәтиже берді, ауру көрсеткіші төмендеді. Сондықтан қайтадан қолға алынады. Жабайы ортада жыртқыштарға жеуге жарамды вакцина лақтыру үшін шағын авиация қолданылады.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда құтырмаға қарсы вакциналау көлемі артқан. Мәселен, 2020 жылы 59 мың манипуляцияны құраса, 2021 жылғы көрсеткіш - 592 және 2022 жылы 620 шараны құрады. Бұл құтырма бойынша қолайсыз пуктердің санын төмендетуге мүмкіндік берген: 20 жылы - 14, 21 жылы - 9 және 2022 жылы бір дерек тіркелген.

Сондай-ақ еліміздегі және Ресей мемлекетінің кейбір өңірлеріндегі жоғары патогенді құс тұмауының өршуіне байланысты құстарды иммундау жоспарға енгізілді. Биылғы жылы 500-мыңнан астам доза бөлінді. Бұл жеке меншік секторларға бағытталған. Келесі жылы құс фабрикалары да жоспарға енгізіледі. Биыл олар өз есептерінен жүргізуде, - деді Қайыржан Байжанов.

Бұл ретте облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов ескі ошақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек екенін ескертіп, барлық қорымдарды тексеру керектігін еске салды.

Мал басының артқаны байқалады. Ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету керек. Сапалы вакцина ауырған малдың иммунитетін қалыптастырады. Сондықтан бұл шараларды алдын ала жүргізген дұрыс. Әсіресе құс фабрикалары өздері қызығушылық танытуы керек.

Айта кетерлігі, өңірде 2021 жылы 11, биыл 14 ауру түрі бойынша түрі профилактика жүргізілген. 

Айгерим Тарина
Әлемдегі киіктердің 90 пайызы – Қазақстанда

2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 842 мың киік бар. Сондай-ақ, құзырлы мекеме өкілдері Қазақстанда альбинос құралай туды деген жайтқа қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада қазақстандықтар әлеуметтік желіде альбинос құралайдың видеосын тарата бастады. Кейін анықталғандай, видео бірнеше жыл бұрын Ресейде түсірілген. Бұл ақпаратты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі растап отыр. Аталған жайтқа қатысты «Охотзоопром» республикалық мекемесінің бөлім басшысы Азамат Ақаев түсінік берді.

«Біріншіден, желіде таралған видео Қазақстанда түсірілмеген. Екіншіден, альбинизм – көпке белгілі құбылыс. Яғни төл әппақ болып туады, ол себеп геннің бұзылуы. Сол сияқты альбинос ғылыммен дәлелденген сирек кездесетін құбылыс», – деді ол.

Маманның айтуынша, киіктердің төлдеуі жыл сайын сәуірдің соңынан мамырдың ортасына дейін жалғасады. «Біз жыл сайын киіктердің есебін жүргіземіз. Бүгінге дейін елімізде альбинос киік төлінің туу жағдайы тіркелмеді. Қазақстанда кең тараған үш киік түрі бар. Ол үстірт киіктері, Бетпақдала және Орал киіктері. Өткен жылдың есебі бойынша елімізде 842 мың киік бар. Биыл аталған көрсеткіш арта түседі деген үміттеміз. Шамамен 1,2 млн киікке жетеді деген болжам бар. Жалпы әлем бойынша киіктердің 90 пайызы біздің елімізге тиесілі», – дейді А. Ақаев.

Жыл сайын киіктер есебі олар төлдеп болғаннан кейін жүргізіледі. Ал оның қорытындысы жыл соңында дайын болады. «Киіктер төлдеп жатқанда кедергі келтіруге болмайды. Яғни оларды мазаламау керек. Сол сияқты киіктерге санақ жүргізу ғылыми ұйымдар бекіткен әдіске сәйкес жүзеге асырылады. Санақ негізінен тікұшақтың көмегімен жүргізіледі. Киіктердің төлдеу процесін құзырлы органдар және салалық ғылыми мекемелердің өкілдері мен мамандары қадағалайды. Жағдайды жыл бойы зерделеп, жыл аяғында оның қорытындысын шығарады», – деді маман.

«Охотзоопром» өкілінің мәлімдеуінше, елімізде жыл санап киіктердің көбеюі байқалады. «Бақылау мен қабылданып жатқан шараларға қарамастан браконьерлік фактілер бар. Біздің инспекторлар киік аулаушылармен күресті тәулік бойы жүргізеді. Киік аулау – ол қылмыс. Қылмыстың алдын алу мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылданып, қолданысқа еніп жатыр», – дейді Азамат Ақаев.

Түркістанда бұқар бұғылары төлдеп жатыр 

Түркістан қаласынан 32 шақырым қашықта орналасқан тұқымбақта бұқар бұғылары төлдеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2000 жылы Сырдария өзенінің жағасындағы мемлекеттік орман қоры аумағынан Бұқар бұғылары тұқымбағы құрылған болатын. Алғашында мұнда 17 бұғы болған. 22 жылдың ішіндегі олардың саны 200-ге жуықтап отыр. Ал, бейресми мәлімет бойынша бұғылардың саны бұдан екі-үш есе көп көрінеді. Себебі, жабайы табиғатта мекендейтін бұғылардың іздері көршілес аудан аумағынан көп байқалған.

«Өткен жылы 20-ға жуық бұғы төлдеген болатын. Биылғы төлдердің санын енді есептейміз. Қазір аналығы балаларының қасына жолатпайды. Төлдері де тығылып жатады», - дейді «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі Түркістан филиалының туризм, рекреация және экологиялық ағарту бөлімінің меңгерушісі Қайрат Кәрібаев.

Тұқымбақ Түркістан қаласынан 32 шақырым қашықта орналасқан. Арнайы қоршалған мекенде арнайы бұғышылар қызмет атқарады. Олар бұғыларды қоректендіріп, қарап жүреді.

 
0 пікір
Мұрағат