Қазақстанда исламдық инвестициясының көлемі артады
|
Инвестиция және ислам қаржысы, АIFC және жаңа нарық, жаңа ойыншылар, қарыз бен пайыз.
Қазақстандағы исламдық қаржыландырудың үлесі қандай, Астана халықаралық қаржы орталығы мұсылман елдерінен қанша инвестиция тартады, орталықтағы ағылшын құқы және шариғат заңы қалай үйлеседі, ішкі жалпы өнімге үлесі қандай болмақ. Forbes.kz АХҚО Исламдық қаржыландыру департаментінің директоры Әлібек Нұрбековпен тілдесті және тақырыпты тереңнен тарқатуға тырысты.
F: Исламдық қаржыландырудың ерекшелігі неде? Дәстүрлі қаржыландыру жүйесінен қандай айырмашылығы бар?
- Исламдық қаржыландырудың дәстүрлі қаржыландырудан бірнеше негізді айырмашылығы бар. Бірінші, қарыз пайызына тыйым, яғни өсімқорлыққа тыйым (риба). Екінші – тәуекелді бөлу. Банк қарызға ақшаны пайызсыз беретін болғандықтан, несие беруші емес инвесторға айналады. Солай, капитал иесі мен кәсіпкер жобаны іске асырудағы тәуекелдерді өзара бөліседі. Үшінші, алып-сатарлық әрекеттерге тыйым (майсир). Осымен байланысты, барлық құмар ойындарына тыйым салынады. Төртінші, тұрлаусыздық шарттардағы барлық мәмілелерге тыйым (гарар). Бесінші айырмашылық – экономиканың белгілі салаларын қаржыландыруға тыйым: ойын-сауық бизнесі, шошқа етін, алкоголь өнімдерін шығару және т.б. Капиталдық экономикалық жүйеге қарағанда, исламдық экономикада қаражат тек айырбастау және құн өлшемі ретінде ғана қолданылады.
F: Жаңадан іске қосылған Астана халықаралық қаржы орталығындағы бес бағыттың бірі исламдық қаржыландыруды дамыту болып табылады. Бұл инситут қандай қағидат бойынша жұмыс істейді. Қандай артықшылықтар беріледі? Жаңалығы неде?
Астана халықаралық қаржы орталығын ұзақ кезеңге дамыту жоспарында белгіленген түйінді шараларды жүзеге асыру Қазақстанда исламдық қаржы нарығын дамытуға, исламдық қаржыландыру өнімдеріне жол ашып, халыққа және бизнеске қаржыландырудың және инвестициялаудың қосымша мүмкіндіктерін беріп, сараптаманы дамытуға және Қазақстанның экономикасына құйылатын инвестиция көлемінің ұлғаюына мүмкіндік береді.
F: Астана алаңындағы ағылшын құқы және шариғат заңдылығы қалай үйлеседі?
- Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, исламдық қаржыландыруды реттеуде ағылшындық құқық қағидаттары пайдаланылатын құзырет ойыншыларға әлдеқайда қызығарлық және түсінікті болып келеді. Бұған дәлел ретінде Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия және Еуропадағы бірқатар елдерде бұл индустрияның дамуын көре аламыз. Екіншіден, корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, жер және мүлік салығының болмауы сияқты ойыншыларға берілетін бірқатар салық жеңілдіктер бар. Үшіншіден, Астана Экспо көрме кешені негізіндегі ыңғайлы және жоғары технологиялық табиғи инфрақұрылым, сондай-ақ, әлеуетті қатысушыларға арналған әлемдік деңгейдегі заманауи кеңсе ғимараттары бар. Төртіншіден, өз қызметтерін ойдағыдай жүзеге асыра бастаған, АХҚО-ның құрған институттары – Nasdaq және Shanghai Stock Exchange-бен серіктес Astana International Exchange(AIX) жоғары технологиялық биржасы, Қаржылық қызметтерді реттеу ұйымы (AFSA), АХҚО соты, Халықаралық арбитраждық орталық, Экспат Орталық және АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы. Осы жылы АХҚО-ын және Қазақстанды исламдық қаржыландырудың аймақтық хабы ретінде дамыту және өркендетуге бағытталған исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі АХҚО-ның Халықаралық сарапшылар кеңесі өз қызметін бастады. Ағымдағы жылды Исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі Орталық кеңес құру жоспарда бар.
F: Сіздер 2017 жылы бірқатар елдерде АХҚО таныстыру рәсімін өткізуді жоспарлаған едіңіздер? Бұл іске асты ма? Олар қай елдер? Нақты қызығушылық танытып отырған институттар, инвесторлар бар ма, олар кімдер? 2018 жылы Астанада қандай инвесторларды күтеміз?
F: Компаниялар белгілі ме?
- АХҚО аумағында орналасуға ниет білдірген әлеуетті халықаралық қаржы институттарының ішінде, Жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясы (ICD), Халықаралық Ислам сауда-қаражат корпорациясы (ITFC) және Инвестициялар мен Экспорттық несиелендiрудi сақтандыру жөнiндегi Ислам Корпорациясы (ICIEC) сияқты Ислам Даму Банкінің еншілес ұйымдарын атауға болады. Сондай-ақ, Катар мемлекетінің Masraf Al Rayan, Бахрейннің Al Baraka сияқты ірі исламдық банктері, Малайзия, БАӘ, Ұлыбритания және тағы басқа елдерден инвесторлар да АХҚО негізінде орналасуды қалады. АХҚО алаңында өзінің еншілес ұйымдарын ашқысы келетін жергілікті қаржы институттар да аз емес, олардың ішінде «Заман-Банк», Al Saqr Finance және тағы басқалары бар.
Қазіргі таңда, жергілікті және шетелдік исламдық банктік және бейбанктік қаржы институттарын, fintech және консалтингтік компанияларды АХҚО алаңында орналастыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр және ағымдағы жылдың аяғына дейін исламдық қаржы секторының бірнеше ондаған ойыншыларын күтудеміз
F: Қазақстандағы исламдық қаржыландырудың үлесі қандай? Бұл институт қай кезден бастап жұмыс істейді?
Сондай-ақ, бүгінде Қазақстанда 2 исламдық лизингтік компания бар – 2013 жылдан бастап Kazakhstan Ijara Company және 2017 жылдың басында дәстүрлі лизингтік компаниядан исламдыққа қайта құрылған Al Saqr Finance. Kazakhstan Ijara Company-дің негізгі акционерлері - Жеке секторды дамыту жөніндегі Ислам корпорациясы (ICD), «Al Hilal» Банк және «Заман-Банк». Al Saqr Finance 2017 жылы өз акционері «Астана-Банкі»-мен бірлесіп исламдық қаржыландыру қағидаларына сәйкес дебет карталарын шығару жобасын сәтті жүзеге асырғанын атап өткен жөн.
F: Аздап тарихына шегінсек. Исламдық қаржыландыру жүйесі қай елден, қашан бастау алды? Даму қарқыны қалай болды, болашағы қандай?
- Исламдық банкинг–салыстырмалы түрде айтар болсақ, жас құбылыс. Оның бастамасын 20-шы ғасырдың 60-шы жылдары Мысырдың Мит-Гамр өңірінде пайда болған жинақтаушы ислам банкінің пайда болғанымен байланыстыруға болады. Алайда, ислам банкингінің дамуы 1975 жылы Ислам Даму Банкінің және Дубай ислам банкінің құрылуынан бастау алады. Малайзияда да өткен ғасырдың 80-ші жылдары Хадж қоры негізінде алғашқы исламдық қаржы институттары ашыла бастайды.
ICD-Thomson Reuters есептемелеріне сәйкес, 2016 жылы әлемде исламдық қаржыландырудың активтері $2,2 трлн. (банкинг – 73%, сукук – 16%, қорлар – 4%, такафул – 2%, басқа қаржы институттары – 6%) құраған.
F: Кейінгі кездері исламдық қаржыландыру мұсылман емес елдерде, Еуропада, Азия экономикасында дамып келеді. Бұның себебін қалай түсіндіресіз? Жалпы қазіргі күні қаржыландырудың бұл түрі қай елдерде жұмыс істейді, үлесі қандай?
- Исламдық қаржы құралдарын діни наным-сенімдеріне қарамастан кез-келген тұлға пайдалана алады. Жаңа клиенттерді тарту, сондай-ақ, бай мұсылман елдерінен инвестиция тарту және қор жинауды әртараптандыру мақсатында, Еуропа елдерінің мұсылман тұрғындарының жоғары сұранысына байланысты бірқатар Еуропа және Азия елдері исламдық қаржы институттары да, дәстүрлі банктер де исламдық қаржы өнімдерін ұсынуға мұрсат беретін заңнамалық өзгерістер енгізді. Мысалы, жақын арада бірқатар мұсылман емес елдер мемлекеттік исламдық құнды қағаздар шығарды. Олардың ішінде – Ұлыбритания, Люксембург, Германия, Оңтүстік Африка және Гонконг. Әлемдегі ең ірі банктердің бірі Goldman Sachs 2014 жылы көлемі $500 млнқұрайтын сукук шығарды. Малайзия және Дубай Биржаларымен қатар, Лондон, Ирландия және Люксембург алаңдары сукук исламдық құнды қағаздарды орналастыру және сату көлемі жағынан көшбасшы.
F: Демек әлем нарығында оған деген сұраныс артып келеді ғой...
- Иә, мәселен, 2015 жылы Германияда елдің түрік диаспорасына бағытталған Кувейт-Түрік ислам Банкі ашылды. Өз кезегінде, Малайзиядағы ислам банктері клиенттерінің жартысы – қытай диаспорасы, олар исламдық қаржы өнімдері әрі баға әрі сапасы жағынан әлдеқайда қолайлы деп санайды. Батыстағы исламдық қаржы саласындағы көшбасшы – Ұлыбртания. Онда жағымды реттеушілік, бизнес және білім беру ортасы өте қолайлы. Англияда 20-дан астам қаржы институттары исламдық қаржы өнімдерін ұсынады. Айтарлықтай маңыздысы – Ұлыбритания Еуропа елдерінің арасында ғана емес, бүкіл әлем бойынша исламдық қаржы саласында беретін білім бағдарламалары санынан көш бастап тұр (шамамен 100).
F: АIFC ашылу рәсіміне қандай шаралар жоспарланған?
- 2018 жылдың 4 шілдесінде Астанада АХҚО-ын халықаралық ұлықтау рәсімі аясында, исламдық экономика және қаржы әлеміндегі аса маңызды шара – Бүкіләлемдік Исламдық Экономикалық Форум (WIEF) өткізу жоспарда бар. Онда әлемнің түпкір-түпкірінен мыңға жуық қатысушылар мен исламдық қаржы индустриясының сарапшылары, мемлекет басшылары бас қосады. Бұл Астананың 20 жылдық мерейтойына тұспа-тұс келіп отыр.