Қазақстанда фейктер үшін қандай жаза қолданылады
Қазақстанда фейктер үшін қандай жаза қолданылады
4 жыл бұрын 2479

Қазақстанда фейк (жалған) ақпарат таратқаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуға болады. Бұл жайында stopfake.kz ақпарат көзі мәлім етті. 

ҚР ҚК 274-бап. Көрінеу жалған ақпарат тарату

  1. Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату –

бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

  1. Мынадай:

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;

2) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;

3) бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет –

үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

  1. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер –

бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

  1. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген:

1) қылмыстық топ жасаған;

2) төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағдайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер –

үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2020 жылғы 1 сәуірден бастап 1 АЕК 2778 теңгеге тең

Қазақстанда фейктерді анықтайтын жаңа сайт ашылды

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі www.stopfake.kz жаңа интернет-ресурсын іске қосты. Бұл сайт фактілерді мұқият тексеріп, ақпараттардың шын-жалғанын анықтап, нәтижесінде олардың фейк, манипуляция, арандату екенін жариялайды. Бұл жайында bag.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Министрлік хабарлағандай, StopFake бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, байланыс каналдарында таратылған ақпараттардың шынайылығын анықтап, талдап, зерттеу нәтижелерін көрсетеді.

Сайтта "Жалған ақпарға шағымдану" функциясы бар, ол арқылы кез келген адам редакцияға хат жолдап, ақпараттың мүмкін еместігі туралы шағым жібере алады. Редакторлар оның жалғандық дәрежесін анықтап, бұл туралы жаңалықтарды веб-сайтқа жариялайды, - делінген хабарламада.

Жалпы алғанда, StopFake қоғамды дұрыс ақпараттандыруға, ақпараттық манипуляциялармен күресуге және қате, жалған хабарламалардың ақпараттық тазалыққа бағытталған.

0 пікір
Мұрағат