Қазақстанда діни шараларға уақытша тыйым салынады
Қазақстанда діни шараларға уақытша тыйым салынады
5 жыл бұрын 2898 Мейірман Лес

Қазақстан карантин режимі кезінде адам көп жиналатын діни шараларға тыйым салады. Діни рәсімдер онлайн өткізілуі керек. Бұл туралы baribar.kz порталы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа сілтеме жасай отырып хабарлады. 

Министр сәуір айында Қазақстан азаматтары үшін маңызды бірнеше діни мейрам болатынын еске салды, олар: Ораза, православтар мен католиктердің Пасхасы, яһуди Песахы және тағы басқа.

Біз дін ұстанушы азаматтарымыздың діни сеніміне зор құрметпен қараймыз, бірақ коронавирус індеті барлық адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіріп отыр. Сол үшін көптеген ел эпидемияға қарсы бұрын-соңды болмаған шектеулер енгізіп жатыр. Вирус таралмауы үшін адамдар жиналатын барлық шараға, соның ішінде діни шараларға да уақытша тыйым салынады. Себебі бұл діни шара кезінде адамдар ғибадат орындарына барып, туыстары мен жақындарымен жиналады. Бірге мазар басына барады, одан да басқа әртүрлі мәдени, көпшілік шара болады, – деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі діни мейрамға бола карантин режимін бұзбау қажет екенін ескертті.

Қазіргідей күрделі уақытта ең басты мәселе – адамның денсаулығы мен амандығы. Ешқандай дін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенді мақұлдамайды. Осы ретте діни және этномәдени ұйым басшылары мен азаматтарын түсіністік танытуға шақырамыз. Діни мейрам кезінде карантин режимін сақтауды сұраймыз. Діни бірлестіктерге мерекелік діни рәсімдерді онлайн режимде өткізуді ұсынамыз, – деді Дәурен Абаев.

0 пікір
Мұрағат